Лагерьдегі Шыңжаң қазақтары жайлы кітап шықты
АСТАНА. 4 наурыз. Кеше елордадағы «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тұрарбек Құсайыновтың «Зұлмат. Шығыс Түркістанның күйреуі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Кітапта Қытайдың Шыңжаңдағы саяси тәрбелеу лагерінде болған адамдардың тағдыры сөз болады. Автордың айтуыынша, кітапты жазуға Қытайдағы саяси тәрбиелеу лагерьлерінен шыққандардың айтқаны мен Қытай қазақтарының мәселесін көтерген белсенді Серікжан Біләштің мұрағатындағы видеолары себеп болғанын айтады.
«Кітапта тек қана фактілер баяндалады. Қытайдағы аз ұлттардың тағдыры мен адам құқықтарының бұзылуы әлі зерттелуі тиіс», – дейді Тұрарбек Құсайынов.
Тұсаукесерге Қытайдан келген этникалық қазақтар, тарихшылар мен саясаттанушылар қатысты. Кітап «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қорының» жетекшісі Зәуреш Батталованың қолдауымен жарыққа шыққан.
БҰҰ есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман лагерьге қамалған. Бейжің бұл орындарды «терроризммен күрес орталығы» деп атаған.
Лагерьлерде отырып шыққан қазақтар да Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерді ортаға салған. Олардың айтқандары әлем БАҚ-тары беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды. Ал Қытайға экономикалық жағынан тәуелді Қазақстан билігі Бейжіңнің бұл саясаты жайлы жұмған ауыздарын ашпайды.
Былтыр қазанда Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «қазір Қытайдағы саяси тәрбиелеу орталықтарында қазақтар жоқ» деп мәлімдеген. Ал желтоқсан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында «Шыңжаңдағы қазақтарды қудалау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды» деп айды аспаннан бір-ақ шығарған. Тоқаевтың осы сөзінен кейін «туысымыз Қытайда қамалды» деген қазақстандықтар президенттің сөзін жоққа шығарып, түрлі акция өткізді.
Былтырғы жылдың соңында Қытай «қайта тәрбиелеу орталығындағылардың бәрі оқуын аяқтап» шыққанын айтқан. Жақында Австралия стратегиялық саясат институты (ASPI) есебінде Қытай билігі лагерьден шыққан мұсылмандарды елдің басқа аймақтарындағы фабрикаларға жұмысқа жіберіп жатқанын баяндады. Қытай мемлекеттік басылымдары мұны жоққа шығарды.