Бүгін түнде сағат тілін ауыстыруды ұмытпаңыздар, ағайын!
Бүгін түнде, тура 00:00-де сағат тілін ауыстыруды естен шығарып алмаңыздар, мырзалар мен ханымдар, жігіттер мен қыздар!
Оның түк те қиындығы жоқ.
Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан басқа өңірлер мен үш мегаполистің тұрғындары сағаттары тілдерін бір сағатқа кейін шегеріп, алдыңғы айтылған бес аймақтың уақытымен теңестіре қояды. Бар болғаны сол.
Осылайша Кеңес Одағы кезінде үш сағат белдеуінен құралған күллі Қазақстан атырабы бір мезгіл өлшеміне көшеді.
Еске сала кетейік, кеңес кезеңінде Қазақстанда алғашында екі, кейін үш сағат белдеуі болды. Мұның біріншісіне (UTC+6) Алматы, Шығыс Қазақстан, Семей (қазіргі – Абай), Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды. Жезқазған (қазіргі – Ұлытау), Целиноград, Көкшетау (соңғы екеуі қазір – Ақмола) , Талдықорған (қазіргі – Жетісу), Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі – Түркістан) облыстары кірсе, екіншісіне (UTC+5) Орал (қазіргі – Батыс Қазақстан), Гурьев (қазіргі – Атырау), Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облыстары жатты. Ал 1989 жылдан Орал облысы үшінші сағат белдеуіне (UTC+4) көшірілді. Бұлардың біріншісі сол кезде Мәскеуден – үш сағатқа озық болса, екіншісі – екі сағатқа, ал үшіншісі бір сағатқа алда тұратын еді.
Жалпы, әлемде халықаралық сағат уақытын есептеу мөлшері Гринвич уақыты мен белдеуіне сүйеніліп жасалады.