Елімізде ЛГБТ өкілдерінің жетім балаларды асырап алуларына жол берілмейді
АСТАНА. 25 ақпан. Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің жетім балаларды асырап алуларына немесе оларға тәлімгерлік етулеріне тыйым салынды. Бұл туралы ernur.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы қағиданы ұстанатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Жаңа мизам сондай-ақ мектеп оқушыларына сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға тыйым салады.
Заң Парламент депутаттарының бастамасы бойынша әзірленді.
Заңдағы түзетулерге сәйкес енді ЛГБТ өкілдерінің жетім балаларды асырап алуларына және тәлімгерлікке алуларына жол берілмейді.
Заң бойынша мына тұлғалар жетім балаларға тәлімгер бола алмайды:
– Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ және кәмелетке толмаған адам;
– сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған адам;
– сот жұбайын әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған адам;
– сот ата-ана құқығынан айырған немесе ата-ана құқықтарын шектеген адам;
– Қазақстан Республикасының заңымен өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қамқоршы міндеттерінен шеттетілген адам;
– денсаулығына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адам;
– тұрақты тұрғылықты жері жоқ адам;
– дәстүрлі емес жыныстық бағытты ұстанушы адам;
– тәлімгер болып тағайындалған кезде қасақана қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;
– тәлімгерлікке алу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейін қамтамасыз ететін кірісі жоқ адам;
– наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адам.