«Путиннің сұхбаты – әскери агрессияны саяси жағынан ақтау» – саясаттанушылар
МӘСКЕУ. 10 ақпан. Ресей диктаторы Владимир Путиннің америкалық танымал журналист Такерге берген сұхбатына талдау жасаған саясаттанушылар оны басқыншылық соғысты ақтау әрекеті деп бағалады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
АҚШ-тың The New York Times газеті «Дональд Трамптың сүйікті журналисі» деп атайтын Амеиканың танымал тележүргізушілерінің бірі Такер Карлсон 9 ақпанға қараған түні РФ президенті Владимир Путинмен жүргізген екі сағаттық сұхбатын өзінің сайтында жариялады. Ол әлемнің көптеген елдерінде кеңінен талқылауға түсті.
Оның қорытындысына байланысты орыс саясаттанушылары не дейді?
Саясаттанушылар Путиннің Карлсонға берген сұхбатына түсіндірме жасай отырып, ең алдымен журналистің Ресей президентіне ешқандай да өткір сұрақ қоя алмағанына, сонымен қатар былайшы сауалдардың көпшілігін Кремль қожайынының мүлде жауапсыз қалдырғанына назар аударады. Неге екені белгісіз, Путин сұхбат барысында нақты сұраққа жауап беру орнына, әңгімені өзінің Украинаға неге басып кіргенін айтудан бастап, Ежелгі Русь жайлы жарты сағаттық дәріс оқып кетті. Аналитиктер мұны да бірден айтып отыр.
«Путиннің Украинаға қарсы агрессиясын ақтау үшін келтірген тарихи дәлелдемелерінің бәрін (Украина деген ешқашан егемен мемлекет болмаған, украин деп отырғанымыз – іс жүзінде орыстар деген сияқты былшылбайлар) ағылшындар америкалықтарға бұдан екі жүз жыл бұрын орын алған АҚШ-тың тәуелсіздігі жолындағы соғыс кезінде қолданған болар еді, – деп атап өтеді бұрын президент әкімшілігінде істеген саясаттанушы Аббас Галлямов. – Таң қаларлық нәрсе, Карлсон мұны аңғармайды. Ол басқа ел жайында сөз қозғамақ тұрмақ, өз елінің де тарихын да жақсы білмейтін адамның түрін танытты». Әрине, Галлямов мұны Путиннің өрісі тар өресіне қарата кекесінмен айтып отыр.
Ал тарихшы әрі саясаттанушы Константин Калачев сауатсыз Путиннің тарих жөніндегі түсінігінің ғылыми консенсустан тым алыс екеніне құрық тастайды. «Ресей жерінде «Государь всея Руси» деген атақ 15-ғасырдың екінші жартысында Иван Үшіншінің тұсында ғана пайда болды. Орыстың орталықтандырылған мемлекетін құру сол кезде басталды, – дейді Калачев «чекистің» хикаясына жағасын ұстай отырып. – Сонда [Путуннің интерпретациясы] орыстың бір орталыққа бағындырылған мемлекеті бұдан 600 жыл бұрын пайда болған дегенге саяды».
«Алайда Путиннің мұндағы мақсаты жұртты өз өтірігіне сендіру емес, өзінің кез келген мәселеде өз қөзқарасы барлығын білдіру болған», – деп атап өтеді саясаттанушы Федор Крашенинников. «Путиннің бұл тезистері қазір ғана айтылып тұрған жоқ, олар ғылыми ортада түкке де тұрмайтын, барынша қауқарсыз, ешқандай мағынасы жоқ сандырақтар, – деп қынжылады ол. – Бұл – тарих жөніндегі дәріс емес, өзінің әскери агрессиясын ақтауға негізделген саяси ұстаным. Сондықтан оның әлденені өзгертуге деген ынтасы байқалмайды, бірақ мұның бәрінен бәрібір тарихи шындық өзгермейді. Ол ешқашан ешкімді ештеңеге сендіруге ұмтылған емес және ештеңені дәлелдегісі де келмейді. Ол тек белгілі тарихи шындықты өз түсінігі тұрғысынан көргісі келетінін және соған қарай әрекет ететінін білдіреді». Крашенинников осы сұхбатымен Путин соғыстың әлі талай жылға, «атай өлгенге дейін» жалғасатынын аңғартып отыр деген тұжырым жасайды.
Саясаттанушы Аббас Галлямов сұхбат жарияланғаннан кейін Америка БАҚ-тары «Карлсонның біліксіздігі мен Путиннің өтірігін әшкере ететін шолулар толқынын» үйіп тастағанын атап өтеді. «Егер мен қазір Кремльде жұмыс істеп жүрген болсам, бұл жобаның сәтсіздікке ұшырағанын мойындаған болар едім. Себебі, саясатпен аз-маз ғана айналысып жүрген және ашықтан-ашық трампшылар тобына жатпайтын кім-кім үшін де қазіргі жанжалдың нәтижесінде Путинге сену – өзіңді өзің құрметтемеу деген сөз», – дейді ол.
Галлямов америкалықтардың бұрын да Путинге сенбегенін және оған ешқашан бүйрегі бұрылмағанын, енді бұрыннан ресейлік диктаторды қолдап жүрген Карлсон олардың сол пікірлерін еш өзгерте алмайтынын ашып айтты. Осыған орай саясаттанушы 2023 жылдың қорытындысында Gallup тобының сұрау салуы бойынша АҚШ азаматтарының 90 пайызы Путинді қолдамайтынын, тек 5 пайызы ғана соның жағында екені белгілі болғанын келтіре кетті.