Әзербайжанды 20 жыл билеген Әлиев бесінші мәрте президент болып сайланды
БАКЫ. 8 ақпан. Әзербайжанның іс басындағы президенті Ильхам Әлиев кезектен тыс сайлауда сайлаушылардың 92 пайыз даусын алып, талассыз жеңіске жетті. Бұл туралы AzTV телеарнасының ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сайлауда екінші орын алған өзін өзі ұсынушы Захид Орудж 2,1 пайыз дауыс жинады. Сайлаушылардың сайлауға келулері 75 пайызды құрады. Жалпы, Әзербайжан басшысы болуға жеті азамат үміткерлік етті.
«Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған, Ресей диктаторы Владимир Путин, Қытай лидері Щи Дзиңпиң бүгін Әлиевті сайлаудағы жеңісімен құттықтады», – делінген хабарламада.
2003 жылы әкесі Гейдар Әлиевтің орнына келген Ильхам Әлиев содан бері елді үздіксіз басқарып келеді. Ол бұған дейін төрт рет президент болып сайланды.
Гейдар Әлиев бұрын Әзербайжан КСР ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған. Ол 1993 жылы елдің президенті болып, елді өле-өлгенше биледі. Әзербайжанда Гейдар Әлиевке табыну кеңінен өркен жайған. Қазір оның атында орталық көшелер мен даңғылдар бар. Көптеген ескерткіштер қойылған. Әлиевтер әулеті әлі күнге дейін билікті уысында ұстап отыр. Қазір Ильхам Әлиев президент болса, оның әйелі Мехрибан Әлиева көп жылдардан бері оның орынбасары болып келеді.