Странджа турнирінде тағы 4 жекпе-жекті жеңіспен аяқтадық, бір жеңіліс бар
СОФИЯ. 8 ақпан. Кеше Болгарияның байтағы София қаласында өтіп жатқан «Странджа кубогінде» 5 қазақ боксшысы рингке шығып, төртеуі бұған дейінгілердің жеңісті жолдарын жалғастырды. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Турнирдің бесінші күні қазақтар сапынан бірінші атлет жарыс жолынан шығып қалды. Ол – 71 келіге дейінгі салмақтағы Талғат Шәйкен сакартвелолық Ескерхан Мадиевке 2:3 есебімен есе жіберіп алды.
Бізден күндізгі сессияда рингке бірінші болып көтерілген 51 келідегі Санжар Тәшкенбай (суретте) қырғыз Бекзат Ергешовты 5:0 етіп ұтып шыққан еді. Бұдан кейін Талғат Шәйкеннің кезегі келді. Соңынан осымен бұл турнирде екінші рет шаршы алаңның шаңын қаққан Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) өзбек Алохан Абдуллаевты 4:0 етіп тізе бүктірді.
Кешкі сессияда өнер көрсеткен екі жігітіміз де сенімді ақтады. Олар – 92 келіге дейінгі салмақтағы Абзал Құттыбеков қытайлық Хан Хуезхеннен 4:1 есебімен басым түссе, 75 келіге дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс қырғыз Даниел Абдрахмановты 5:0 етіп түріп шықты.
Бұған дейін біздің боксшылар алты жекпе-жек өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен еді.
4 ақпан күні 1/16 финалда Руслан Күзеубаев (60 кг) грузиялық Артюш Гомцианиді 4:1,Дулат Бекбауов (67 кг) болгар Благовест Неделчевті 3:2, Дәулет Молдашев (54 кг) қырғыз Руслан Эрнест уулын 4:1, Тұрсынбай Құлахмет (80 кг) болгар Николай Дишковты 5:0 есептерімен ұтқан болатын.
Бұдан кейін 5 ақпанда Оразбек Асылқұлов (57 кг) украин Владислав Стасты 5:0, 6 ақпанда Ерасыл Таңқай (63,5 кг) болгар Красимир Джуровты 5:0 етіп тізе бүктірді. Бұлардың екеуі де 1/8 финалда шайқасты. Сөйтіп, ширек финалға жолдама алды.
Турнирде қазірге дейін Украинаның 13 (командада – 21), Болгарияның 11 (команда құрамы 18), Өзбекстанның 7 (әкелгені 19), Грузияның 6 (барлығы 14), Қырғызстанның 6 (барлығы 13), Үндістанның 4 (барлығы 13) боксшысы жарыс жолынан шығып қалды.
Биыл 75-ші мәрте жалау көтерген халықаралық турнирге әлемнің 28 елінен 178 былғары қолғап шебері қатысып жатыр.
Турнирде 10 ақпанда – жартылай финалдық, 11 ақпанда финалдық шайқастар өтеді.