Қызылордада екі браконьер 76 киіктің ұшасымен қолға түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. 7 ақпан. Қызылордада «Браконьер» рейдін жүргізу барысында полицейлер 76 киікті көліктеріне тиеп алып бара жатқан адамдарды ұстады. Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Полиция қызметкерлерінің дерегінше, 6 ақпан күні сағат 22:30 шамасында Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері «Браконьер» іс-шарасы аясында Жезқазған – Қызылорда тасжолында Toyota Hilux және Toyota land cruiser автокөліктерін тоқтатпақшы болған. Алайда күдіктілер полицияның тоқтату туралы талабына бағынбай, бой тасалағысы келген. Тәртіп сақшылары көп ұзамай қашқындарды қолға түсірді.
Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы тексеру барысында Toyota Hilux автокөлігінен 29 бас, Toyota land cruiser автокөлігінен 47 бас киіктің ұшасын, сонымен қатар Toyota Hilux автокөлігінен 9 дана 12 калибрлі оқ-дәріні тауып алды. Олардың бәрі тәркіленді.
Осы факт бойынша ұсталған қаланың 35 және 28 жастағы екі тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері қолға алынған.
Қазір тиісті сот сараптамалары тағайындалып, оларға қатысты бұлтартпау шарасы шешіліп жатыр. «Браконьер» жедел-профилактикалык іс-шарасы барысында табиғат қорғау заңнамасының 2 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, 9 киік ұшасының алыну деректері бойынша да тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.