Мемлекет басшысы Қордай оқиғасының себебін айтты
ТАРАЗ. 1 наурыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданында болғанында таяуда бұл аймақта орын алған қақтығыстың себебін ортаға салды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев тергеу жұмыстарының заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында барлық азаматтың тең екенін айта келіп, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін түбегейлі шешуді тапсырды.
«Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті, 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды», – деді Президент.
Айта кететін жайт, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Қаракемер» ауылының жұртшылығымен кездескен болатын.
Еске сала кетейік, биыл 7 ақпанда Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жаппай төбелес орын алған. Ал 8 ақпанда Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.