Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Алматыда үшінші теміржол вокзалы салынғалы жатқаны белгілі болды

АЛМАТЫ. 2 ақпан. Бүгін Алматы қаласында үшінші теміржол вокзалы салынғалы жатқаны жария етілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«2 ақпанда Алматы қаласының егжей-тегжейлі жоспар жобасы таныстырылып, жаңа вокзал шамамен қашан салынатыны және құрылыс жұмыстарын кімнің жүргізетіні белгілі болды», – делінген агенттік хабарламасында.

Жобада «Алматы-3» вокзалының орны нақты белгіленген. Ол Алатау ауданы, Боралдай тас жолы мен Сайын көшелерінің маңынан салынбақ. Үшінші вокзалдың платформасын, бекетін Қазақстан темір жолы компаниясы, ал маңындағы қаланың ісіне жататын құрылысты әкімдік өз қаражатына салады. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қанша қаражат бөлінетіні әлі белгісіз.

«Платформаның өзі шамамен «Рахат», «Мәдениет» шағын аудандарының маңына салынады. Жергілікті әкімдіктің, біздің мерзіміміз 2026, 2027 жылдар деп қарастырып отырмыз. Бірақ біздің жұмыс ҚТЖ салатын платформаға байланысты. ҚТЖ бекетті қалай салып болады, солай біз де дайын боламыз», – деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

«Алматыбасжоспар» ғылыми зерттеу институтының басшысы Асхат Сәдуовтың айтуынша, қазір возкалдың техникалық- экономикалық негіздеуі дайындалып жатыр.

«Қазақстан темір жолымен осы вокзал құрылысына қатысты белсенді кездесулер өтуде. Келісімшарт жасалған. Бұл жоба жеткілікті белсенді базада. Қазір техникалық- экономикалық негіздеу жағы қаралып жатыр. Шамамен 2-3 жылдың көлемінде қамтылады», – деді ол.

Алматының бас архитекторы жаңа вокзалдың салынуы тағы бір көлік торабы пайда болуына жол ашатынын айтады.

«Ең бастысы, қай жерден салынатыны мәлім. Бұл қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (пдп) енді. Мысалы, Қаскелең жағынан келетін адамдар электричкамен келіп, әрі қарай автобусқа міне алады. Болашақта LRT транспорт құралы пайда болады. Соған байланысты біз вокзал салынатын жерден арнайы орын дайындадық. Бұл жер жаңа көлік торабы болады. Саяжай бар, жеке үй салғысы келетіндер бар. Жаңа вокзал салынуына байланысты мұндай құрылыстарды тоқтатамыз. Себебі, қазір үй салып қойса немесе коммерциялық үлкен ғимарат тұрғызса, оның бәрі сүріліп кетеді», – деді қала құрылысы басқармасының басшысы, бас архитектор Нұрлан Боранбаев.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button