Осыдан 84 жыл бұрын ғалым-әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Мағауин дүниеге келді.
Мұхтар Мұқанұлы 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы оның аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкері болды. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.
1965-1986 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында, «Жалын» альманағында бас редактордың орынбасары, Әдебиет және өнер институтында, ҚазПИ-да аға ғылым қызметкер, доцент, «Жазушы» баспасында бас редактор қызметтерін атқарды. «Кешқұрым» атты тұңғыш әңгімесі «Жұлдыз» журналында жарияланды.
Әр жылдары «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» әңгіме, повестер жинақтары мен «Көк мұнар», «Шақан шері» романдары жарық көрді. Сондай-ақ қазақ халқының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы тарихи-көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет суреттелген «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы, «Мен» ғұмырбаяндық роман-хамсасы, «Құмырсқа-қырғын» әңгімелер жинағы, «Ұлтсыздану ұраны» мақалалар жинағы және тағы басқа кітаптары да оқырманға жол тартты.
«Адырна» ұлттық порталы
02.02.2024