Жетісай білім бөлімінің бухгалтерлері жарты миллиардтан аса теңгені жымқырған
ТҮРКІСТАН. 1 ақпан. Түркістан облысы Жетісай аудандық білім бөлімінің есепшілері 530 миллион теңгені қолды еткендері айғақ болып жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Түркістан облысының прокуратурасы мәлімдеуінше, қазір «Жетісай ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Тергеу барысында аталған мекеменің есепшілерінің 2021-2023 жылдар аралығында жарты миллиард теңгеден астам ақшаны егеленіп кеткені анықталды. Бұл үшін бухгалтерия қызметкерлері мүдделі адамдармен алдын ала сөз байласқан топ құрып, мектеп қызметкерлерінің анкеталық мәліметтерін өзгерту арқылы жалақыға бөлінген мемлекет ақшаларын өздері алып отырған. Қазірдің өзінде олардың мемлекетке келтірген зияндары көлемінің сомасы 530 млн теңгеге барғаны белгілі болды. Бұдан кейін тағы қанша қосыларын кім білсін!
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасымен 3 күдікті уақытша ұстау оқшаулағышында ұсталып, сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. Аталған қылмысқа басқа да тұлғалардың қатыстылығын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпараттар ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген Түркістан облысының прокуратурасы таратқан ақпаратта.