Шымкент полициясында 6 тілде еркін сөйлейтін полиглот қыз істейді
ШЫМКЕНТ. 28 қаңтар. Шымкент қалалық полиция департаментінде 6 тілде еркін сөйлейтін полиглот полиция капитаны бар. Бұл туралы kazinform.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Полиция капитаны Диана Есенгелдиева мемлекеттік тілден бөлек, орыс, ағылшын, неміс, өзбек және түрік тілдерін еркін меңгерген. Ол мұнда туристерге қызмет көрсету тобында инспектор болып істейді.
Бала жасынан тіл меңгеруге бейім болған Диана 2021 жылы «Тіл шебері» республикалық байқауының жеңімпазы атанған. Ол ана тілінен кейін, әсіресе, неміс тілін ерекше жақсы көретінін айтады. Одан орыс, ағылшын, өзбек, түрік тілдерін де кем білмейді. Қазір испан тілін үйренуге ниет етіп жүр.
«Біздің – білім деңгейіміз полицияның айнасы. Қала қонақтары біздің сөйлеу мәдениетіміз бен оларға деген ілтипатымызға қарап, еліміздің полициясы туралы пікір қалыптастырады. Сондықтан, көмек сұрай келген азаматтарға қолымнан келгенше қызмет көрсетемін», – дейді Диана Рустамқызы.
Ал хоббиі туралы сөз болғанда, ол овчарка итіне деген махаббаты ерекше екенін айтып жауап берді. Бұған 8 жасында көрген «Комиссар Рекс» фильмі себеп болған екен. Бүгінде Диана сол фильм кейіпкеріндей полицей болып жұмыс істейді, дәл сол кинодағыдай 3 овчарка өсірген. Бос уақытында сол төбеттерінің күтімімен шұғылданғанды жақсы көреді.
«Иттер маған қарбалас өмірден бір сәт демалуға мүмкіндік береді. Олардың жанында уақыттың қалай өткенін байқамаймын. Есесіне, соған тұрарлықтай еркіндікті, тыныштық пен мейірімділікті сезінемін. Осы уақытқа дейін 3 ит асырадым, үшеуі де сондай ақылды болды. Оларға қызметтік иттер сияқты бұйрыққа бағынуды үйреттім. Кейде, адамдар мені кинолог деп те ойлап қалатын еді», – дейді сақшы қыз.
Жедел қызметті жаны сүйетін полицей жұмыс барысында қиындыққа тап болған азаматтарға барынша жылдам көмектесуге тырысатынын айтады.
Диана мұның жарқын мысалы ретінде жақында ұялы телефонын жоғалтып алған Үндістан азаматына 40 минут ішінде смартфонын қайтаруға себепкер болғанын айтады. Шаһардағы медициналық академияда оқитын шетелдік жігіт телефонын жоғалтып алғанын айтып полицияға жүгінген. Сол кезде Диана шұғыл әрекет етіп, жанындағы достарының такси қосымшасы арқылы жүргізушіге байланысқа шыққан. Алғашында «ешқандай телефон жоқ» деп қысқа қайырған ер адам тәртіп сақшысының ескертуінен кейін көлік ішін қарап, смартфонды жолаушылар орындығы астынан тапқанын айтып, қайтарып берген. Өз кезегінде шетел азаматы полицейге жылдам әрі адал қызметі үшін шынайы ризашылығын білдіреді.