РФ мемлекеттік думасындағылар ГУЛАГ-ты қайта жаңғыртуды ұсынды
МӘСКЕУ. 20 қаңтар. Ресей мемлекеттік думасының депутаты лениндік-сталиндік жүйенің ГУЛАГ түрмелер жүйесін қалпына келтіру керек екенін алға тартты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекеттік думаға «Единая Россия» партиясынан сайланған депута, генерал Андрей Гурулев «Царьград» телеарнасына берген сұхбатында «мемлекетке қарсы келгендердің» бәрін топырлатып отырғыза беретін ГУЛАГ жүйесін қайта жаңғыртатын кездің жеткенін сөз етті.
«Менен көп адам «Сен немене, ГУЛАГ-ты қайта орнатқың келе ме?» деп сұрайды. Мен, шынымды айтсам, бүгінгі күндері біздің Отанымызға мұнда іштен залал келтіретіндердің бәрін Колыма тракты ауданында сүймен соққыздыруға жібергім келеді. Бұл рас. Мен ғана емес, мұны халық қалап отыр», – деді депутат.
Гурулев 2023 жылдың қазанында президент Владимир Путинге сенбейтін 20 пайыз ресейлікті жойып жіберуді ұсынған болатын. Оның ойынша, ел тұрғындарының 80 пайызы мемлекет басшысының бағыты мен саясатын толық қолдайды. Парламентарий соған орай «осы қалып қалған шірік өзге жұрттан оқшауландырылып қойылуға тиісті болмаса, онда оларды әлдеқандай жолмен жойып жібергісі» келетінін атап өтті.
Санкт-Петербург заксобраниясының депутаты Борис Вишневский осыдан кейін Гурулевтің сөзінде экстремизм бар-жоғын тексеру мәселесін көтерді. Алайда полиция депутаттың айтқандарынан күдік шақыратын ештеңе таппай қойды. Ал мемлекеттік думаның этика жөніндегі комиссиясының басшысы Валентина Терешкова керісінше халықтың бір бөлігін қырып жіберуге шақырған Гурулевті қолдап, оның жеке өз ойын білдіруге құқы бар екенін мәлімдеді.
Сол Андрей Гурулев 2023 жылғы сәуірде сталиндік репрессияны қайта қалпына келтіруді де ұсынған болатын. «Бізге «халық жауы» деген ұғымды қайта енгізетін уақыт жетті, жау бар болғанымен, ұғым жоқ. Бұл майданда жүрген адамдарға ғана қатысты емес, мұндайлар азаматтық өмірде әліптің артын бағушы оңбағандар арасында да бар. Біз неден қысыламыз? Мен сталиндік қуғын-сүргінді қолдаймын ба? Соның болғаны дұрыс», – деп мәлімдеді депутат. Ол бұған өз атасының соғыстан кейін тоғыз жыл лагерьде отырып келгенін мысал етті: «Себебі бұл сол кездері мемлекет үшін керек еді», – деді ол.