Алматы метросын салуда ұрланған 5 млрд теңгенің жайын тергеу аяқталды
АЛМАТЫ. 11 қаңтар. Алматы метрополитенін салу кезінде ұрланды делінген 5 млрд теңгенің түп-тұқиянын тексеру жұмыстары өзінің мәресіне жетті. Бұл туралы Halyq Uni дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Порталдың мәліметінше, «Метрополитен» КМК, «Алматыметроқұрылыс» АҚ лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты 5 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын жымқыру және Алматы қаласының метрополитенін салу кезінде жалған шот-фактуралар жазып беру деректері бойынша тергеу шаралары аяқталған. Осының нәтижесінде қылмыстық іс материалдары сотқа жолданған.
Мұның бәрі Бас көлік прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысы барысында айтылды. Онда бас көлік прокуроры Тимур Сүлейменов мемлекетке 53 млрд теңгеден астам соманың активтері қайтарылғанын мәлімдеді. 1 367 қадағалау актісі қаралып, 5 932 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалған және 1 358 тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылған.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі прокуратураның ұсынысы негізінде Көлік прокуратурасы «AirAstana» әуе компаниясына тексеру жүргізіп, нәтижесінде билеттер құнынан жанармай алымы шығарылып тасталды. Тасымалдаушы айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Прокуратураның наразылығына сәйкес, уәкілетті орган әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша пойыздарға теміржол билеттерін өткізу кезінде динамикалық баға белгілеу коэффициентін заңсыз қолдануды тоқтатқан.