АҚМОЛА СПОРТЫНЫҢ АУЫР ХӘЛІ
аймақ басшыларын неге осы уақытқа дейін толғандырмай отыр?
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа
АШЫҚ ХАТ
Қадірлі Марат Мұратұлы! Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайы республика бойынша өңірлердің алдыңғы қатарынан көрініп келе жатқанын білеміз. Бірақ біз бүгін Сізге Ақмола облысының бір топ азаматтары атынан өңір спортына қатысты хат жазуды жөн санадық. Себебі, Қазақ елінің кіндігінде орналасқан, 788 мыңнан аса тұрғыны бар облыстың спорт саласы сын көтермейтін жағдайға жетті. Бұл сөзімізге дәлел жеткілікті.
- 2023 жылдың күзінде өткен жазғы Азия ойындарында Ақмола облысының спортшылары 1 күміс, 1 қола медаль ғана еншіледі. Азия құрлығының басты ойындарына ақмолалық 14 спортшы ғана қатысты. Қазақстанның бокс (ерлер), дзюдо (ерлер), еркін күрес, таэквондо, жеңіл атлетика, жүзу, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, тас жолдағы веложарыс, каратэ, т.б. командаларында Ақмола облысының спортшылары болған жоқ.
- Кейінгі 20 жыл көлемінде жастар көп шұғылданатын грек-рим күресі, еркін күрес және дзюдодан әлемдік деңгейде бір балуан дайындалған жоқ. Деректерге сүйенсек, облыста еркін күрестен – 77, грек-рим күресінен – 28, дзюдодан 30 жаттықтырушы жұмыс істейді. Осынша маман 20 жылда Дәулет Тұрлықанов пен Елдос Сметовтің дәрежесінде бір палуан баптай алмаса, бұған кім кінәлі?!
- Оны айтасыз, кейінгі 5-6 жылда осы спорт түрлерінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпиондары өте аз. Бұл дегеніңіз – облыстық спорт басқармасының өз қарамағындағы жаттықтырушылардың жұмысына немқұрайды қарауының салдары. Жаттықтырушылардың жұмыстарын қадағаламаса, олар жүйелі жоспармен жұмыс істемесе, нәтиже қайдан болсын?
- 1980-1990 жылдары Ақмола облысының тумалары – ауыр атлет Анатолий Храпатый, шаңғышылар Владимир Смирнов пен Владимир Сахнов Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында олжа салды. Ал кейінгі 15 жылда Ақмола облысынан боксшы Теміртас Жүсіпов қана әлем чемпионы атанды. Қалған олимпиялық спорт түрлерінен дүниежүзілік деңгейде маңдайы жарқыраған спортшымыз еске түспей тұр. Ақиқатын айтсақ, біздің өлкемізде дарынды балалар өте көп. Соларды Олимп шыңына өзіміз жеткізе алмай жүрміз.
- Степногор қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы спорт интернатының жұмысы тіпті нашарлап кетті. Бір кездері бұл интернаттан Олимпиада жүлдегерлері мен Азия чемпиондары Мария Грабовецкая мен Анна Нұрмұхамбетова шығып еді. Кейінгі жылдары бұл интернаттан ауыр атлетикадан ғана емес, спорттың басқа түрлерінен де әлемдік деңгейде спортшы шықпайтын болды. Тоқ етері, Бөгенбай батыр атындағы спорт интернат-колледжі спорттық көрсеткіштер бойынша республика бойынша көш соңында тұр. Премьер-лигадағы «Оқжетпес» командасының да жағдайы жыл сайын қалт-құлт ететін күйде.
- Ақмола облыстық спорт басқармасына қарайтын Олимпиадалық ізбасарлар орталығының жұмысы да төмен дәрежеде. Бұл орталық облыстағы дарынды жастарды шоғырландырып, ұлттық құрамаға спортшылар дайындауға тиіс. Бірақ орталық ережесіне сай әр спорт түрінен жеткілікті дәрежеде команда жасақтай алмай отыр. Соның салдарынан облыстың жастар құрамалары әлсіз.
- 2023 жылғы Қазақстан спартакиадасында Ақмола облысының спортшылары аутсайдерлер қатарында қалды. Облыс спортшыларының жазғы спорт түрлерінен республика құрамаларындағы үлесі 2-3 пайыздан аспайды.
Қадірлі Марат Мұратұлы! Біз облыс спортындағы проблемалардың шет жағасын ғана жазып отырмыз. Бұл салада шешуін күткен өзекті мәселелер өте көп. Сондықтан Ақмола облысының спортына түпкілікті реформа қажет. Ал реформаны жүзеге асыруға елге жаны ашитын, білікті әрі іскер мамандар қажет. Облыстың қазіргі спорт басшылары бұл проблеманы шеше алмайды.
Біздер, осы өңірдің тұрғылықты азаматтары, Ақмола облысының спортын басқаруға осы өлкенің төлтума жігіттерін тағайындауыңызды өтініп сұраймыз. Себебі, осы өңірде туған жігіттердің кіндік қаны тамған жеріне, жерлестеріне деген көңілі, пейілі ерекше болады. Олар «Менің туған өлкемнің спорты Жамбыл, Шымкент өңірлерінен несі кем?!» деп намысқа басады. Жерлестерінен, ағайындарынан ұялып жұмысқа ерекше ынтамен кіріседі. Біз руға, елге бөлінетін жандар емеспіз. Біздің достарымыз, жақындарымыз Қазақ елінің барлық қиырында бар. Бірақ әр азаматқа өзінің туған топырағы ыстық әрі олар өздері аралас-құралас өскен жергілікті халықтың менталитетін жақсы біледі. Жергілікті халық та өз арасынан шыққан жігіттерге сеніммен қарайды. Соны ескере келе, Ақмола облысының спортын алға сүйреуге қабілеті жететін, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық спорт саласының жұмысында ысылып, мол тәжірибе жинақтаған Қанат Жұрқаев, Азамат Имашев, Нұржан Кәрімжанов секілді жігіттердің бар екенін айтқымыз келеді.
Бұл проблема – көп жылдан бері көптеген адамдардың көкейінде жүрген мәселе. Сіздің ел басқару ісіндегі мол тәжірибеңізді, көптің арасындағы абырой-беделіңізді, елге жанашырлығыңыз бен іскерлігіңізді білгеннен кейін осы өтінішті айтып отырмыз.
Дана халқымыз «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Сіздің ел азаматтарының тілегін жерге тастамайтыныңызға сенім білдіреміз. Ал жоғарыдағы жігіттердің жауапкершілігі біздің мойнымызда. Бұл сөзімізді пәрмен емес, кәсіби тұрғыдан кеңес деп қабылдағаныңызды қалаймыз.
Зор құрметпен, Ақмола облысының спорт қайраткерлері:
- Қожабеков Ғалым, журналист, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, Ауғанстан соғысының ардагері;
- Қаменов Файзолла, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері;
- Сүлейменов Оспан, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, ақын, композитор, спорт ардагері;
- Бексейітов Еркін, бокстан КСРО спорт шебері, спорт ардагері;
- Назаров Ағзам, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбо күресінен спорт шебері;
- Масабаев Бейбіт, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы;
- Тұямашев Азамат, бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, республиканың жастар құрама командасының бас жаттықтырушысы;
- Таханов Марат, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы, Қорғалжын ауданы бойынша дзюдо жаттықтырушысы;
- Жанділдин Әбішан, спорт ардагері, Целиноград ауданының тұрғыны;
- Темірбаев Абай, спорт ардагері, 2003–2012 жылдары Бөгенбай батыр атындағы облыстық спорт интернатының басшысы болған;
- Бөкеев Қазбек, «Ереймен» спорт клубының президенті;
- Игнатов Владимир, спорт ардагері;
- Есембеков Қажымұрат, спорт ардагері;
- Аханов Дәурен – спорт ардагері;
- Тұямашев Берік, ҚР спорт қайраткері;
- Тоқабаев Ерғали, көкпар және ат спортының шебері, Ақмола облысының көкпар құрамасының жаттықтырушысы;
- Хасенов Аманжол, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры;
- Сүлейменов Ілияс, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының жеңімпазы;
- Әбутәліпов Қанат, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, WSB версиясы бойынша әлем чемпионы;
- Тоғымов Ардақ, спорт журналист-сарапшысы.