Белгород соғыс басталғалы бері бірінші рет қатты соққыға ұшырады
МӘСКЕУ. 30 желтоқсан. Ресейдің Белгород қаласы соғыс басталғалы бері бірінші рет Украина әскерлерінің ең сұрапыл шабуылын бастан кешірді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«30 желтоқсан күні күндіз Белгородтың орталығы Украина Қарулы күштерінің соққылары астында қалды», – деп баяндады өңір губернаторы Вячеслав Гладков Telegram-да. «Алдын ала мәлімет бойынша, екі бала қаза тапқан, бірнеше зардап шегуші бар. Сондай-ақ тұрғын үй секторына да соққы тиген», – деп жазды ол.
Губернатор атыстың шарпуына Валуй қалалық округіне қарасты Уразово кенті де тап болғанын атап өтті. Мұнда 20-ға жуық жеке үй мен электр қуатын беретін желі зақымданған.
Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны 5-7 адам деп саналып отыр. Бұдан бөлек, 30-ға жуық адам әртүрлі жарақат алып қалған.
Мамандар Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері Белгород алғаш рет дәл осындай қуатты соққының астында қалғанын алға тартуда. Жалпы, содан бері облыста 71 бейбіт тұрғын қаза тапқан екен.
Бұдан сәл бұрын, желтоқсанның 30-на қараған түні де Белгород украиндар тарапынан шабуылға ұшырапты. Соның салдарынан төрт адам қаза тапқан, олардың бірі 10 жасар бала екен.
Украина билігі бұл атыстар жөнінде ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
Ал Ресей бұған дейін бір тәулік алдын, 29 желтоқсанға қараған түні соғыс басталғалы бері Украинаға бірінші рет ең кең ауқымды ракета соқыларын берген еді. Орыстардың шабуылына 158 әуе құралы қатысты. Ал соққы Киев, Харьков, Львов, Днепр және Одесса секілді ірі шаһарларға бағытталды. Шабуыл сондай-ақ Одесса, Харьков, Запорожье және Сумы облыстарына да жасалды. Кемінде 31 адам қаза тауып, 160-тан астам адам жарақат алды.