Нидерланд армиясының бас қолбасшысы Ресеймен соғысқа дайындалуға шақырды
АМСТЕРДАМ. 29 желтоқсан. Нидерланд армиясының бас қолбасшысы Мартин Вейнен Ресеймен соғыс болуы ықтимал екенін айтып, соған дайындала беруге үндеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Нидерланд Ресеймен арада соғыс бола қалатын жағдайда қарулы күштері санын арттырып, басқа да шараларды қабылдауы тиіс», – деп мәлімдеді елдің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мартин Вейнен «De Telegraaf» газетіне берген сұхбатында.
Ол Ресеймен тікелей шекаралық жақындықтары болғандықтан, милитаристік басқыншы мемлекет әскерлерінің күндердің күнінде территорияларына басып кіру ықтималдығы күштілігіне орай өздерін өздері қорғау шараларын жасауға көшіп кеткен Финляндия, Швеция және Балтық елдерінің үлгісімен Нидерландтың дәл солай әзірлікті бастауы керектігін алға тартты. «Біз басқыншы мемлекеттен 1500 шақырым қашықта тұратынымыз қауіпсіздіктің кепілі болады деген ойдан арылып, айналаға шынайы көзбен қарауымыз керек. Қазір Ресейдің өзгелерді түсінетін бір ғана тілі бар, ол – күштің тілі», – деп атап өтті Вейнен.
Оның айтуынша, Нидерланд қарулы күштері ықтимал қарсыластың екпінін қайтара алатын жеткілікті қару-жарақ жинай білуі тиіс, сосын армияға жыл сайын 2-3 мың еріктіні алып тұрғаны дұрыс.
Вейнен Ресеймен соғысқа тек армияны ғана емес, сонымен қатар азаматтық тұрғындарды да дайындай бастау қажет екенін айтты. Ол соның ішінде жергілікті тұрғындарды төтенше жағдай орнай қалса, қажеттілігі бірден білінетін азық-түлікпен және сумен өздерін өздері осы бастан қамтамасыз етуге кірісуге шақырды.