Путин кеңесінде эльф тілін үйрену «Ресей үшін қауіп» әкелетіні айтылды
МӘСКЕУ. 16 желтоқсан. РФ президенті жанындағы кеңесте ресейліктердің эльф тілін үйренуге ден қоюлары «мемлекет іргесі үшін қор қатер тудыратыны» сөз болды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қорған қаласында өткен «Оралдың арғы жағындағы көп ұлтты жастар» форумында Ресей президенті жанындағы ұлт аралық қатынастар жөніндегі кеңес мүшесі Андрей Худолеев осындай ой айтып, дабыл қақты.
Худолеевтің ойынша, Ресейдің соңғы халық санағында сапын 12 мыңнан астам адам құрайтын «эльф ұлысы» ресми түрде тіркелген. Ол РФ Конституциясына сай адам өзін қай ұлттың өкіліне жатқызса, сол қалпында аталатынын атап өтті.
«Мен бұл тақырыпты көтермес едім, егер әрбір қалада маған өздерінде эльф тілін үйреніп жүрген балалардың бар екенін баяндап беретін мұғалімдер кездеспесе. Мен содан бері бұл ойынды ойнамаймын, мұны біздің мемлекетімізге төніп тұрған үлкен қауіп деп есептеймін», – деді кеңес мүшесі. Ол сондай-ақ «Яндекс аудармада» эльф тілінен тәржіма бар екенін сөз ете келіп, Ресейдің көптеген нақтылы халықтары үшін мұндай мүмкіндік жоқ екеніне назар аударды.
Айта кетуіміз керек, «эльф тілі» дегенді британ жазушысы және филологы, «жоғары фэнтези» жанрындағы әйгілі «Шығыршық әміршісі» романдар сериясының авторы Джон Рональд Руэл Толкин (1892 – 1973) ойлап шығарған. Кейін бұл тіл фэнтези-эпопеялар фанаттары арасында кеңге жайылып кетті.