Байден: Біз Украинаның соғыста жеңіп шығуына мүдделі болып отырмыз
УАШИНГТОН. 13 желтоқсан. АҚШ президенті Джозеф Байден Ресеймен соғыста Украинаның жеңгенін қалайтынын мәлімдеді. Бұл туралы «Украинская правда» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақ үйдің қожайыны журналистің «АҚШ соғыста Украинаның тек өзін қорғап қалғанын қалай ма, жоқ түпкілікті жеңіске жеткенін жөн көре ме?» деген сауалына жауап бере тұрып, «Біз Украинаның жеңгенін қалаймыз» деді.
«Біз бұл соғыста Украинаның жеңгенін, БҰҰ-ның жарғысында атап көрсетілгендей, өзінің егемендігін қорғап қалғанын қалаймыз», – деді Байден.
Ол өз сөзінде АҚШ Конгресіндегі екі күшті партияның Украинаны қолдайтынын айтты. «Республикашылардың аздаған бөлігі қолдағысы келмейді, бірақ олар партия ішінде де көпшілік емес. Біз Украинаны қаржыландыру жөнінде олармен келіссөз жүргізіп көреміз, бірақ мен қазір ештеңеге уәде бере алмаймын, дегенмен келіссөздің нәтижелі аяқталатынына қатты үміт артамыз», – деді президент сосын.
Еске сала кетейік, Украина президенті Володимир Зеленьский 12 желтоқсан күні АҚШ-қа ұшып келген еді. Сол күні ол Джо Байденмен жабық есік жағдайында келіссөз жүргізді. Ал келіссөз қорытындысында АҚШ президенті бүкіл әлемдегі тыныштықты сақтап қалу маңызды болғандықтан, Украинаға көмек көрсетуден бас тартылмайынын баяндады.
Байден Конгрестегі екі партиядан қолдау алу үшін олармен шекараны қаржыландыру мәселесі жөнінде мәмілеге баруға дайын екенін жеткізді. «Мұның өзі – демократия нышаны», – деді ол.
АҚШ президенті «егер азаттықты қорғау жағында тұра алмасақ, кейін тарих бізді қатты айыптайды, себебі, Путин өз бетінше тоқтамайды», – деді сосын.
Ол сондай-ақ Украинаның болашағы НАТО екенін де ашып айтты. Украина НАТО-ның мүшесі болады, тек АҚШ оның соғыста жеңіп шығатынына әбден көз жеткізуі тиіс.
Джо Байден сонымен қатар сейсенбі күні Володимир Зеленьскиймен Ақ үйдегі кездесуі кезінде Украинаға 200 миллион доллар көлемінде әскери көмек көрсету жайлы жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді.