Қызылордада мемлекет және қоғам қайраткерінің 100 жылдығы аталып өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 10 қараша. Бүгін Қызылордада мемлекет және қоғам қайраткері , соғыс ардагері Тәкей Есетовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Алдымен қайраткердің өзі атындағы №264 мектеп-лицей алдындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды. Ал облыс әкімдігінде өткен Тәкей Есетұлының өмір жолы мен қызметіне арналған ғылыми-танымдық конференцияға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел ағалары, кейіпкердің ұрпақтары, туған-туыстары мен үзеңгілес інілері қатысты.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері Құдайберген Саржанов, Әбдіжәлел Бәкір, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Жеңіс Сәдуақасұлы, Тәкей Есетовтың ұлы Әділбек Есетов сөз алып, қайраткер туралы естеліктер айтты. Сондай-ақ, конференцияда Парламент Сенатының депутаттары Ақмарал Әлназарованың, Руслан Рүстемовтің, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетовтың, Мұрат Ергешбаевтың арнайы құттықтау хаты оқылды.
Тәкей Есетов 1923 жылы Қазалы ауданында туған. Алматыдағы 6 айлық авиациялық курсты бітіріп, майданға аттанған. 1943 жылы ауыр жарақат алған соң, елге оралды. Соғыстан кейін, Арал аудандық сотында, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, қаржы бөлімінде қызмет етті. 1957-1985 жылдары Арал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қызылорда облысы партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды.