Путин бүгін Астанада екі рет Тоқаевтың аты-жөнін дұрыстап айта алмады
АСТАНА. 9 қараша. Ресей президенті Владимир Путин бүгін Қазақстанға сапары кезінде екі рет Қасым-Жомарт Тоқаевтың аты-жөнін бүлдіріп айтты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
РФ диктаторы Астанаға өзі сұранып келген сапары барысында Қазақстан президентінің есім-сойын атау кезінде тілін икемге келтіре алмай, тағы да екі рет былдырлап кетті. Оның екеуі де Өңіраралық ынтымақтастың XIX форумында орын алды.
Путин өз кезегінде 2022 жылы Қазақстанмен өзара тауар айналымының статистика мәліметі мен ресми есепте айырмашылық барын баяндап тұрғанында Қасым-Жомарт Кемеловичті алға саламын деп, аяқ астынан «намазынан жаңылып» қалды.
«Өңірлердің белсенді қатысулары арқасында біздің Қазақстанмен өзара тауар айналымымыз 2022 жылы 10 пайыздан артыққа өсті. Міне, Қасым-Жомарт Келемович оны 27 миллиард доллар деп атап көрсетті, ал біздің статистика бойынша – 28, 2 миллиард доллар», – деді Путин.
Кремльдің қожайыны екінші рет Астанаға шақырғаны үшін Тоқаевқа алғыс айтып тұрғанында сүрінді. Ол Қазақстан президентін алдымен «Кемел Жомартович» деп алды да, артынша онысын Қасым-Жомарт Кемелович деп түзетті.
Осымен Путин Қазақстан басшысының аты-жөнін айтуда көпшілік алдында бесінші мәрте сүрінді. Ол 2022 жылғы қаңтарда Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт Ұйымының (ҰҚШҰ) онлайн-отырысы кезінде «Кемел Жомартович Тоқаев» деп тоңқалаң асқан болатын. Сол жылғы маусымда Петербургте өткен экономикалық форумда «Кемажай Ишемильевич» деп тура мас адамның былжырағын танытты. Ал соның артынша тамызда айтқанында тағы «Қасым Жомартович Кемелович» деп таза тантыды.
Сол сияқты 2021 жылғы желтоқсанда берген дәстүрлі жыл сайынғы баспасөз мәслихатында Путин Тоқаевты тек «жаңа президент» деп атап өте шықты. Бірақ бұл уақытта Тоқаевтың Қазақстан билігі тізгінін ұстағанына 2,5 жыл болып қойған.
Кейде Путин осының бәрін ТМД бойынша әріптес ел басшысының мәртебесін төмендетіп, беделіне нұқсан келтіру, оны менсінбейтінін байқату, көрер көзге кемсіту мақсатында әдейі, жорта, қасақана жасайтындай көрініп тұрады. Әйтпесе білдей бір елдің басшысы бір адамның аты-жөнін осы уақытқа дейін жаттай алмай жүр дегенге кім сенеді? Бұдан да гөрі айтылуы қиын Африка елдері басшыларының аты-жөндері жөнінде дәл осыншалықты тантыққа түсіп кетіп жүрген жоқ қой ол!
Қазір Украина жерінде тұрып жатқан ресейлік блогер және аналитик Анатолий Несмиян диктатордың мұнысын тағы қатты сынға алды. Ол өзінің Telegram-каналында өте тәжірибелі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың әріптесі Путиннің өз аты-жөнін айтарда саналы түрде тілін бұрап, мүкістеніп тұратынына өткір жауап ретінде сөзінің басын әдейі қазақ тілінде сөйлеумен бастағанын атап көрсетеді. «Ол Путиннің өз атын қасақана күлтілдетіп айтып, ашықтан-ашық жеке өзін қорлап тұратын арсыздығын ұмыта қоймаған шығар, сондықтан дипломатияда білгір саналатын ол ешкім ешқандай мін қоя алмайтындай жолмен ишара жасап өтті. Тоқаев Путинмен Астанадағы кездесуінде мызғымас жүзбен өзінің сөзін кенеттен қазақ тілінде бастап кетіп, қонақты дереу құлаққапқа жүгінуге мәжбүр етті, сөйтіп, ол одан бұған дейінгі өшінің біраз бөлігін осылай қайтарып алды», – деп жазды.