Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Экс-министр Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды

АСТАНА. 10 қараша. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оған әйелін өлтірді деген күдік таңылып отыр. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Оқиға кеше Астанадағы «Бау» ресторанында орын алған.

«Елорда полиция департаменті Астана ресторандарының бірінде қаза болған әйелдің өлімін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 99-бабының 1-бөлігі («Кісі өлтіру») бойынша тексеріп жатыр», – деп баяндады жұма күні Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, кеше 9 қараша күні кешқұрым әлеуметтік желілерде бұрынғы министр Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаевтың елордадағы «Бау» ресторанында өз жұбайы Салтанат Нүкенованы өлгенше ұрғаны жайлы қауесет желдей есіп тарады. Соның арасында күдікті есірткі шегіп алыпты деген ақпар шықты. Сол сияқты оның әйелін пышақтағаны хақында да айтылып жатты. Соңынан әйелдің ауруханаға жеткізілмей жатып, оқиға орнында жантәсілім еткені белгілі болды.

Мәнбе Бишімбаевтың ұсталар алдында өзіне пышақ жарақатын салмақ болған әрекетін де жария етті.

Кейінірек полиция бұл жаңғырықты іс бойынша сот алды тергеудің басталып кеткенін мәлімдеді. Бүгін құқық қорғау органдары күдікті Бишімбаевтың қамауға алынғанын растады.

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 2017 жылы 11 қаңтарда жемқорлық ісі бойынша ұсталған еді. Осы атышулы іс бойынша 23 адам сотта жауап берді. Олардың ішінде экс-министрдің немере ағасы да болды. Жоғары лауазымды шенеунік өз қызметінің жайында Қызылордада шыны зауытын салу кезінде 1 млрд теңге ұрлаған және бірнеше рет пара алған деп айыпталды. Сөйтіп, ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, арада небәрі бір жарым жылдан астам уақыт өткенде, 2019 жылдың 11 қазанында Бишімбаев бостандыққа шықты. Экс-министрдің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін Шымкент қаласы Абай аудандық соты 2019 жылдың 25 қыркүйегінде қарап, оның қанағаттандырылғанын хабарлады. Сот шешімі 2019 жылдың 11 қазанында заңды күшіне енді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде «Адам өлтіру, яғни басқа адамның заңсыз қасақана өліміне әкеп соғу 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады» делінген.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button