Индонезия жігітінің анасына хаты 16 жылдан соң табылды
ДЖАКАРТА. 28 ақпан. Индонезиядан бұдан 16 жыл бұрын бөтелкеге салынып жөнелтілген хат 11 мың шақырым қашықтықты жүріп өтіп келіп, енді адам баласының қолына тиіп отыр. Бұл туралы «Lenta.ru» хабарлады.
Канадада тұратын бір Никки Саадат номылы әйел Хайда-Гуай архипелагына жақын жерде мұхит суы жиегінде ағып жүрген сол бөтелкеге кезігеді. Ол пластикалық шұңғылдың қақпағын ашқанда, ішінен өзі үшін түсініксіз тілде жазылған бір хатты тауып алады. Ондағы бар түсініктісі жазбаның 2003 жылдың қараша айында жазылғаны ғана болды.
Артынша Никки ыдысты алып, еліне қайтып кетеді. Бірақ өзіне жұмбақ көрінген затты есінен шығара алмай-ақ қояды. Сосын таныстарының бәріне жаңағы хатты көрсете бастайды. Көп ұзамай хаттың индонезия халықтарының бірінің тілінде жазылғаны анықталады.
«Vancourier» атап көрсеткендей, әйел қоярда-қоймай жүріп адам тауып, хатты аудартып алады. Сөйтсе, ол ұлының анасына оны қатты жақсы көретінін поэтика тілінде айтып жазған хаты екен. «Ана… Сенің ақылыңды алмағаным үшін кешір мені, сенің айтқандарың дұрыс болып шықты. Ана… мен үшін, менің тамақ ішуім үшін сенің барып атқарып жүрген жұмысың үшін менің намыстанғаным үшін кешір… Сен осындай өзін ғана ойлайтын, жақсылықты білмейтін өзімшіл де өркөкірек ұлың бар екенін айтып, ешкімге шағымданып көрген емес едің… Кешір мені», – делінген онда. Хатты Йорис Наикамбо (Yoris Naikambo) есімді ер кісі жазыпты.
Осыдан кейін Никки Саадат хатты жазған адамның немесе оның анасының кімдер екенін, олардың қазіргі тағдырларының қалай қалыптасқанын білмек болып, әлеуметтік желілерде бірнеше рет іздеу салады. Бірақ бұған үн қатқан ешкім болмайды.
Дегенмен, Никки анасын сағынған ұлдың жағдайы қалай болғанын білуден, олар туралы бір дерек шығатынынан әлі де үмітін үзбейтінін айтып отыр.