Трамп Путиннің талаптарынан соң Будапешт саммитін тоқтатты

УАШИНГТОН. 31 қазан. АҚШ президенті Дональд Трамп РФ диктаторы Владимир Путиннің Украинаға қоймақшы болып отырған қатқыл талаптарына байланысты Будапешт саммитін өткізуден бас тартты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Financial Times (FT) газетінің жазуынша, Уашингтон Будапештте өтеді деп белгіленген АҚШ пен Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуін Мәскеудің Украинаға қатысты қойған қатқыл талаптарына байланысты шұғыл тоқтатты. Шешім АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың бүгін «телефон арқылы жоғары эмоциямен сөйлесулерінен» кейін қабылданды.
Әңгіме Кремльдің Ақ үйге Будапешт саммитінде алға тартылатын Украинаға қатысты ұстанымын баяндайтын меморандум жібергенінен кейін қозғалды. Рубио құжатты Лавровпен бірге талқылады және осыдан кейін Трампқа Мәскеу келіссөздер жүргізуге дайын емес екенін және Путинмен Будапештте кездесудің еш пайдасыз болатынын ашып айтты.
Газет мәнбелерінің мәліметінше, Мәскеудің максималистік талаптары мүлдем өзгермеген: ол Украинада Донбассты шайқассыз берумен қатар, Ресейдің бұл соғысты бастауына түрткі болған «негізгі себептерді» түгел жоюды талап етеді. Аталмыш талаптарға Украина Қарулы күштерінің санын шектеу және Украинаның НАТО-ға қосылмайтынына кепілдік беру кірді.
Қазан айының ортасында Трамп Украина президенті Володимир Зеленськийдің Құрама Штаттарға сапарына дайындық және Киевке америкалық алыс қашықтыққа ұшатын «Томагавк» зымырандарын жеткізу мәселесін талқылау аясында өткен телефон қоңырауынан кейін Будапештте Путинмен кездесу өтетіні туралы мәлімдеме жариялаған еді.
Алайда бірнеше күннен кейін кездесудің кейінге қалдырылып жатқаны туралы алғашқы хабарламалар пайда болды, ал 23 қазанда Трамп оның болмайтынын растады. Кейінірек ол Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату туралы келісімге қол жеткізуге дайын болғанша Путинмен кездесуді қарастырмайтынын мәлімдеді.
«Біз келісімге қарай жылжып бара жатқанымызды білуіміз керек; мен уақытымды босқа өткізбеймін», – деді Трамп Будапештте Путинмен алғаш рет ұсынылған, кейіннен қабылданбаған кездесуіне сілтеме жасай отырып.
Сонымен қатар, АҚШ әкімшілігі Ресейге қарсы жаңа, кең ауқымды санкциялар жариялады, олардың мақсаты Ресей мұнайының экспортын күрт азайту болды.






