Қазақстан ресейліктерге банк карталарын беруге тыйым салғалы отыр
АСТАНА. 28 қазан. Қазақстанда жақын күндерде ресейліктердің банк карталарын жаппай алуларына тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сол кезде Қазақстанда есепшот ашқысы келген РФ азаматтарынан елде тұруға рұқсат қағазы сұралатын болады.
Қазақстанның ұлттық банкісі осыған байланысты заңнамаға енгізілетін тиісті өзгерістерді дайындап қойды. Ол есірткі мен құмар ойындар бизнесіндегі заңсыз айналымдарға тосқауыл қоюға бағытталған сияқты болып көрінеді, бірақ түпкі мақсаты осы арқылы шетелдіктердің елде банк карталарын жаппай алуының жолын кесу болып табылады.
Өзгерістер жобасын талқылау қараша айының алғашқы апталарында өтеді.
2022 жылы Ресеймен көрші елдерде «карта туризмі» қатты өркен жайып, банк карталарын ресейліктерге беру мөлшері күрт артып кетті. Бұған Украинаға соғыс ашқан басқыншы мемлекет – РФ рыноктарынан Visa және Mastercard компанияларының кетіп қалулары себеп болды.
Қазақстан банктері сол жылғы екі айда – маусым мен шілдеде пластиктің жалпы жылдық көлемінің 50,7 пайызын шығарып қойды.