Z-телеарналары жақын арада Ресей армиясы авиациясыз қалады деп отыр
МӘСКЕУ. 6 қазан. Ресейдің Z-телеарналары бұлай бола берсе, РФ армиясының көп ұзамай барлық авиациясынан айырылатынын мәлімдеп, дабыл қағып жатыр. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресей әуе қорғанысы күштері Украинада соғыс бастағалы бері бесінші рет өз ұшағын атып түсірді», – деп баяндады жұма күні Z-арналар.
Fightbomber мен «Военный осведомитель» хабарлағандай, бір аптадан сәл артық уақыт ішінде екі рет Мариуполь ауданында әскери борт «достық отынан» опат болды.
«Біздің даңқты әуе қорғанысы күштерінің мынадай қарқынды жұмысымен біз жақында авиациясыз қаламыз», – деп жазады Fightbomber.
«Военный осведомитель» бұл жолы пилоттың аман қалғанын атап өтті. Соған қарамастан, РФ әскерлерінің «өзара байланыс деңгейі құрдымға құлауын жалғастырып келеді», – деп хабарлады арна.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі барлау басқармасының мәліметінде Ресей әуе қорғанысы күштері (ПВО) 28 қыркүйекте Токмак ауданында өздерінің Су-35С истребителін атып түсіргені айтылған.
The Insider басылымының есебі бойынша, қыркүйектің соңында атып түсірілген ұшақ Ресейдің Украинадағы соғыс басталғалы бергі өздері отқа ораған кемінде төртінші лайнері болып табылады.
Британия барлауының мәліметі бойынша, Ресей армиясы соғыстың басынан бері 100-ден астам жауынгерлік ұшағынан айырылған.