Хайастан билігі елдегі ресейлік телеарналарды жабатын болып жатыр
ЕРЕВАН. 30 қыркүйек. Хайастан (Армения) билігі Ресей телеарналарының елде көрсетілуін тоқтату мәселесін талқылауға кірісті. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Армения билігі елдің территориясындағы ресейлік телеарналарды желіден ажыратуы мүмкін», – деп мәлімдеді билеуші «Азаматтық келісім» партиясынан парламентке депутат болып сайланған Лусине Бадалян Factor TV эфирінде.
«Бұл мәселе қазір талқыланып жатыр. Ведомство қандай шешім қабылданғанын соңыра жариялайды», – деп атап өтті ол.
Бұдан алдын премьер аппаратының басшысы Араик Арутюнян Ресей мемлекеттік ақпарат құралдары Хайастанға қарсы гибридтік соғыс жүргізіп жатыр деген еді. Ол ресейлік пропагандист Георги Хачатурянның ресейлік НТВ телеарнасында Таулы Қарабақтағы қарсылық қозғалысы барысында үкімет үйіне қарай бұзып-жарып өткен шерушілерді АҚШ десантшылары оқпен қарсы алды дегенін «барып тұрған жалған ақпарат» деп айыптады.
«Ресей БАҚ-тары Арменияға қарсы бастап кеткен гибридтік соғыста, шамасы, Кремль/сарай берген ертегілерге қатты сенетін болулары керек. Сол күні бірде-бір шеруші үкімет үйінің маңайына барған жоқ, оны аз десеңіз, ол жерде тіпті америкалықтар болған да емес еді», – деп жазды Арутюнян.
Ол сондай-ақ Ресей телеарналарындағы барынша құдай атып кеткен мемлекеттік насихатшылар армяндар болып отырғанын еске салып өтіп, олардың қатарында RT бас редакторы Маргарита Симонян мен оның күйеуі Тигран Кеосаянды, Life-ті құрушы Арам Габреляновты, «Говорит Москва» радиосының бас редакторы Роман Бабаянды, саясаткерлер Сергей Кургинянды, Семен Багдасаров пен Андраник Михранянды атап өтті.
Сейсенбі күні Армениядағы Ресей телеарналарын желіден ажырату жайын Ереван баспасөз клубының президенті Борис Навасардян қозғады. Оның айтуынша, Хайастанның егемендігін сақтап қалу үшін мұндай батыл шараға барудың қажеттілігі өте жоғары болып тұр.