Украина Қарулы күштері Донбастағы Андреевка селосын жаудан азат етті
КИЕВ. 16 қазан. Украин әскерлері Донецк облысы аумағындағы түйінді елді мекендердің бірі – Андреевка селосын басқыншылар қол астынан босатты. Бұл туралы Euronews дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«УҚК Андреевка селосын азат етті. Бұл Бахмуттың оң қанаты жағынан жау шебін бұзып өтуге мүмкіндік беруі мүмкін», – делінген хабарламада.
Украина Қарулы күштерінің бас штабы ішінара жау басып алған Донбасс аумағындағы Андреевка селосы азат етілгенін расқа шығарды. Бұған 15 қыркүйекте қол жеткен.
Мәлімдемеде: «Шабуыл операциялары барысында украин әскерлері жаудың адам күші мен техникаларына айтарлықтай ауыр соққылар бере отырып, Донецк облысының Андреевка елді мекенін басып алды. Қазір алынған шептерге бекініп жатыр» делінген.
Андреевка селосы Бахмут қаласының оңтүстік-батысында 10 шақырым жерде орналасқан, ол соңғы уақыттары барынша кескілескен шайқастардың алаңына айналды. Осы шағын селоны қайтарып алу мен ұстап тұру солтүстікке қарай 3 шақырым жерде тұрған Клещеевка елді мекеніне шабуыл жасауға мүмкіндік береді.
Украин әскерлері бұдан кейін Клещеевканы да азат етті.
Украинаның 3-ші штурм бригадасының жауынгерлері Ресейдің 72-ші мотоатқыштар бригадасының оккупанттарымен үш тәулік қайтпай шайқасты. Көзі көргендер басқыншылардың қатты қырғынға ұшырағандарын айтып отыр.