Қырғызстан соты Украинада соғысушы жөніндегі үкімнің күшін жойды
БІШКЕК. 30 тамыз. Қырғызстанда РФ армиясы сапында Украинадағы ұрыс қимылдарына қатысқан қырғыз азаматына қатысты сот үкімінің күшін жойды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қырғызстан жоғарғы сотының алқасы Ресейдің Украинаға басып кіруіне қатысқаны үшін 10 жылға сотталған қырғыз азаматы Аскар Кубанычбек уулуға шығарылған үкімді алып тастады.
Kloop басылымының ақпары бойынша, алдымен сотталушының адвокаты тарапынан берілген шағым Бішкектің Первомайское аудандық сотына қайта қарауға жіберілген.
Арнайы қызмет Аскар Кубанычбек уулун 2023 жылғы қаңтарда қамауға алған. Айыптаушылар версиясына қарағанда, ол Қырғызстан азаматы бола тұрып, Украина шекарасынан өтіп, сондағы соғысқа қатысқан. Кейінірек оның Ресей армиясы жағында соғысқаны белгілі болды. Осыған байланысты Бішкектің Первомайское аудандық соты Аскар Кубынчбек уулун жалдамалылықпен соғысқа қатысты деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Сотталушы колонияда жүрген кезінде RT телеарнасына сұхбат беріп, онда Ресей билігінен көмек сұрады, сондай-ақ өзіне РФ азаматтығын беруді өтінді. Тамыз айында Ресей сыртқы істер министрлігі оған ресейлік паспорт беру мәселесі қаралып жатқанын растады.
Ресей президенті жанындағы азаматтық қоғам және адам құқықтарын дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Кирилл Кабанов өзінің телеграм-каналында Аскар Кубынычбек уулуына Ресей паспортын беру және оның өзін Ресейге жіберу жөнінде РФ сыртқы және ішкі істер министрліктеріне өтініш айтатынын мәлімдеді. Бұлай болмаған жағдайда Ресейдің Қырғызстанға «дұшпан елдер» қатарында қысым көрсетінін баяндады.
2022 жылғы қыркүйекте Қырғызстанның Ресейдегі елшісі өз елінің осында жүрген азаматтарына Украина территориясындағы соғысқа қатысу Қырғызстан заңы бойынша жазаланатынын айтып ескерткен болатын. Дипломаттар мұндай жазаға іліккендердің 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындарын жеткізген.