Ресейдің «Русич» неонацистік тобы Украинада соғысудан бас тартып жатыр
МӘСКЕУ. 26 тамыз. Ресейдің «Русич» атты неонацистік тобы Украиндағы жауынгерлік міндеттерін атқаруды қоятынын мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей пабликтерінің мәліметінше, бұған «Русич» тобының «Славян» деген лақап атпен белгілі негіз қалаушыларының және лидерлерінің бірі Ян Петровскийдің қамауға алынғаны себеп болған.
«Ал әзірге Славянмен жағдай бізге қажетті жаққа қарай (РФ-ға) бұрылмайтын болса, «Русич» өзінің кез келген жауынгерлік міндетін орындауды тоқтатады. Дем алып алып, жиналып қалған істерімізді шешеміз. Егер отан өз азаматтарын қорғай алмайтын болса, онда азаматтардың ондай отанды қорғап несі бар?», – делінген топтың мәлімдемесінде.
Ян Петровский Финляндия жерінде ұсталған. Мұның жайы бүгін ғана белгілі болып отыр. Украина билігі оған 2014 жылғы маусымнан 2015 жылғы тамызға дейінгі кезеңде Луганск және Донецк облыстарында орын алған соғыс қылмыстарына қатысты деген күдік келтіріп отыр. Петровскийдің өзі бұл оқиғаларына қатысы барын жоққа шығарады.
«Русич» командирі Еуропа одағы мен АҚШ-тың санкция тізімдерінде де бар. АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, ол «Вагнер» жеке әскери компаниясымен байланысы бар неонацистік әскери ұйымның лидерлерінің және командирлерінің бірі болып табылады. Еуропа одағы сондай-ақ Петровский Украинаның егемендігі мен тәуелсіздігіне қатер төндірген әрекеттері үшін жауап беруге тиіс деп жариялады.
Ян Петровский 2004 жылдан Норвегияда тұрып, радикалды нацистік қозғалыстың белсенді мүшелерінің бірі болды. «Русичті» Алексей Мильчаков пен Петровский құрды. Норвег елі оны 2016 жылы Ресейге қуып жіберді.
Петровский 2022 жылы Мильсаков Харьков түбінде жарақат алып қалғаннан кейін «Русичтің» командирі болды.