Бекзат Саттархановтың әкесі өмірден өтті (видео)
ТҮРКІСТАН. 25 ақпан. Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан Саттарханов қайтыс болды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Қаза жайлы ақпарды Түркістан облыстық спорт басқармасы растады.
Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында туған. Әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүл Шойбекова 4 ұл тәрбиелеп-өсірген. Бекзат – үйдің кенжесі. Оның алдында Бағдат, Болат, Мақсат есімді ағалары бар.
Бекзат Саттарханов – бокстан қазақтар арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері, І дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері.
Жасы жиырмадан жаңа асқан жас ұлан 2000 жылы тамыз айында өткен Сидней Олимпиялық ойындарында жартылай жеңіл салмақта (57 килоға дейін) чемпион атанды. Ол осы аламанда 5 рет рингке шығып, 1/16 финалда румын Овидий Бобирнатты (14:5), 1/8 финалда оңтүстік африкалық Джеффрей Матхебуланы (16:5), ширек финалда түркиялық Рамазан Палианиді (12:11), жартылай финалда марокколық Тахар Тамсаманиді (22:10), ал финалда АҚШ өкілі, 1999 жылғы әлем чемпионы Рикардо Хуаресті (22:14) ұтты.
Бекзат 2000 жылдың 31 желтоқсаны күні сағат 23-45-те Шымкент қаласының маңындағы «Темірлан» бекетінде жол апатына ұшырап, қаза тапты.
Бекзат шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.
Қош бол, қазаққа Бекзат сынды жарқ еткен жарық жұлдызды берген асыл азамат! Алла алдыңнан жарылқасын.
***
Төменде Бекзаттың Сидней Олимпиадасының финалында Рикардо Хуареспен өткізген шайқасын беріп отырмыз: