Белсенді Дулат Ағаділ тергеу оқшаулағышында қайтыс болды
АСТАНА. 25 ақпан. Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ Астана қаласындағы тергеу оқшаулағышында түсініксіз жағдайда жантәсілім етті. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі белсендінің бақилық болғанын растады.
«1977 жылы туған Дулат Ағаділ тергеу оқшаулағышында қайтыс болды. Сотқа құрмет көрсетпегені, судья мен сот отырысына қатысушылардың ар-намысына тигені үшін Дулат Ағаділдің үстінен қылмыстық іс қозғалған», – делінген елордалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында
Полиция департаменті баспасөз қызметінің жазуынша, биыл қаңтар айында Дулат Ағаділге айып тағылып, «ешқайда кетпеу» туралы шара қолданылған. Тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен 24 ақпанда қамауға алынған.
«Тергеу оқшаулағышының камерасында одан өзге төрт адам болды, олар Дулат Ағаділге күш қолданылмағаны жайлы куәлік берді. Медициналық куәлік оның қамауға алынған сәтте алкогольді ішімдік ішкенін, мас екенін көрсетті. «Жедел жәрдем» бригадасы келді. Қайтыс болуына жүрек талмасы себеперлік еткен. Денесінде қандай да бір жарақаттар жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды», – делінген хабарламада.
Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп жүрген белсенді. Биыл тамыз айынан бері бірнеше әкімшілік жазаға тартылып, кем дегенде 60 тәулік қамауда отырған.
Ол 2019 жылдың 16 желтоқсанында рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған еді. Қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Целиноград аудандық тергеу оқшаулағышынан қашып шығып, ол әрекетін «заңсыз қудалауға қарсылығым» деп түсіндірген. Полиция екі күн бойы іздеген белсенді 15 қарашада өзі бас прокуратура алдына келген. Кейін ол «сот қаулысын орындамағаны үшін» тағы 6 тәулікке сотталған.
Бұл қазалы хабарды естігеннен кейін Астана қаласында белсенділер Ішкі істер министрлігінің алдына жинала бастады. Олар Дулат Ағаділдің қазасы жайлы шынайы ақпарат беруді талап еткен еді. .
Әуелгіде жиналғандар алдына Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Нұржан Сәденов шығып, болған оқиға жөнінде қысқаша ақпарат берді. Ол осыған дейін таралған ресми ақпаратты растап, тергеу оқшаулағышында Дулат Ағаділ жанында төрт адам отырғанын, олардың Дулат Ағаділге күш көрсетілмегеніне куәлік бергенін, жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтты.
Жиналған белсенділердің көбі Дулаттың жүрек талмасынан қайтыс болғанына сенбейтінін білдірді. Олар әріптестерін «әділетсіздікке, Қазақстандағы қазіргі саяси режимге қарсы шығып жүрген адам» ретінде сипаттады.
Шамамен бір сағаттан кейін полиция қызметкерлері келіп, жиынды күшпен таратуға кірісті.
Белсенділерді әкеткеннен кейін Ішкі істер министрлігінің алдында бір топ көп балалы әйелдер қалды. Оларды полиция бақылауға алды.
Өте өкінішті өлім.