Кремльдің пропагандасы Украина ізімен Қазақстанды да қолға алмақшы
МӘСКЕУ. 31 шілде. Ресейдің насихатшылары украин сценариі бойынша Қазақстанды да дүрбелеңге салуды бастап кеткен сияқты. Бұл туралы ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Кремль пропагандистері мұны бүгін Американың Украинады болды-мыс деп өздері ойдан шығарып алған биозертханалары Қазақстанға көшірілген екен деген әңгімеден ши суырып, бастап отыр.
«Кремль пропагандистері Қазақстанды дүрбелеңге салуды шындап қолға алды, олар кезінде Украина үшін қолданылған елге деген жек көрушілік сезімін өршіту сызбасы бойынша жұмыс істеуге кірісіп кетті», – делінген хабарламада.
Бүгін Ресейдің «Бірінші арнасындағы» насихаттық ток-шоудың жүргізушісі Руслан Осташко Американың Украинада болыпты-мыс деген биолабораториялары соғыс басталғаннан кейін Қазақстанға көшірілген деген бөстекі әңгіменің арқауын ширатты.
Еске сала кетейік, Ресей елі Украинаға басып кірерден бірқатар уақыт бұрын оның негізін осындай өсек тарату мен оған украин жерінде орыс тілділердің қуғын көрулері деген сылтауды қосып тарқатудан бастаған еді. Тап осыған ұқсас шабуыл науқаны қазір толық қуатында Қазақстанға қарсы да қолданыла бастады.
Осташконың айтуынша, Қазақстан билігі Уашингтонға өз елдерінде 30 биолаборатория орналастыруға келісім берген көрінеді.
«Тоқаев өзінің елін биоқарулар сынау полигонына айналдырғысы келеді», – деп атап өтті насихатшы Кремль «сарапшыларының» бірінің мәлімдемесінен дәйектеме келтіре отырып. Оның сөзіне қарағанда, елде экономикалық табыстардың жоқтығынан билогогиялық қару тақырыбын әзір жаба тұруға апарып соқтырған.
Осташко мұнымен де тоқтамайды, ол осыған байланысты Қазақстан жерінде жаңа бір соғыстың басталып кетуі мүмкін екеніне ишара жасай отырып, Ресей мен Қытай тарапынан соққы болатынын аңғартып өтеді.
«Мұның не үшін болатыны түсінікті. Олар Украинаға соғысты да тап осындай бір негізді ойдан шығарып алып бастап кеткен. Біз қазір, бұлардың бұдан басқа ештеңені ойлап табуға бас ауырта бермейтінін байқап отырмыз», – деген байлам білдірді украин жургалисі Денис Казанский.
Бізге Кремльдің бірде-бір насихатшысының мұндай өте қатерлі айыптауларды Владимир Путиннің тікелей өзімен келісіп алмай айта қоймайтындары да айдан анық белгілі нәрсе. Демек, Руслан Осташконың бұл әңгімені Кремльдің тікелей бата беруі арқылы қозғап отырғанына ешқандай күмән жоқ.