Патрушев Батысты Карелияда сепаратистік батальон құрмақшы деп кінәлады
МӘСКЕУ. 1 тамыз. Ресей қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев батыс арнайы қызметтерінің Карелия тұрғындарын «ұлттық» батальонға тартумен айналысып жатыр деді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ол мұның Ресейдің өңірлерін іштен көтеріп, елдегі тыныштықты бұзу үшін жасалатынын айтады.
«Карелия республикасында қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыру және тәртіпсіздікке жол ашу мақсатында шетелдік арнайы қызметтер жергілікті тұрғындардың, әсіресе, жастардың сепаратистік көңіл күйлерін ынталандыру жөніндегі белсенділіктерін күшейтуде», – деді ол Карелия астанасы – Петрозаводскіде өткен жиында сөйлеген сөзінде.
Патрушевтің айтуынша, ұйымға тарту әлеуметтік желі арқылы жүргізілуде. Батыс сондай-ақ мұнда Финляндия азаматтарынан құралған «ұлттық батальон» кіргізуді де жоспарлап отыр. Ол сырттағы жаулардыңғ «карел мәселесінің» көмегімен елді «Ресейге қарсы көтеру» әрекеттерінің көптен бері жүріп жатқанын әңгімеледі.
Қауіпсіздік кеңесі хатшысының мәліметінше, қазіргі кездері Финляндияда «Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша жоғалтып алынған территорияларды қайтаруды талап етіп жүрген әсіре оңшыл ұйымдардың іс-әрекеттері белсенді бола түскен». Гәп 1947 жылғы 10 ақпанда кеңес-фнн «бейбіт келісімі» бойынша КСРО құрамына енген Батыс Карелия жерлері туралы болып отыр.
Сөз орайында айта кетейік, 1784 жылы Ресей империясы Карелия герцогтігінің шығыс аумағын Швед корольдігінен тартып алған болатын. 1923 жылы осы жерлерде Карелия автономиясы құрылды. Ал 1940-1956 жылдары Карелия он алты одақтас республиканың бірі болды.
1923 жылы ресейлік Карелия аумағындағы халықтың 57,17 пайызын – орыстар, 37,42 пайызын карелдер құрады. Ал қазір бұл көрсеткіш 76,6 және 9,2 пайыз болып отыр. Бұл республикада сондай-ақ белорустар мен украиндардың едәуір үлестері бар. Угро-фин халықтарынан финдер мен вепстер, сондай-ақ аздаған эстондар бар.
Карелдер – угро-фин тобына жататын ұлт. Олардың Ресейдегі жалпы саны 25 мыңдай болса, Финляндияда 20 мың шамалас бар. Атақты «Калевала» эпосының ұжымдық авторлары осы карелдер саналады. Яғни дастанды осы халық шығарған. Оны бүгінде эстондар мен финдер де пайдаланып жүр.
Патрушев Петрозаводскіде өткен жиында «мұндағы батыспен байланыстары бар коммерциялық емес ұйымдардың жұмыстарын шұғыл тоқтатуға» шақырды.
Ал Финляндия билігі бұған дейін өздерінің Ресейдің алдына қоятын территориялық талаптары жоқ екендерін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Ел 4 сәуірде НАТО-ның құрамына ресми түрде кіріп, альянс мүшелерінің санын 31-ге жеткізді. Осыдан кейін Ресейдің НАТО-мен құрғақтағы шекарасы 1340 шақырымға дейін ұлғайды. Мұның өзі РФ диктаторы Владимир Путиннің Солтүстік альянспен текетіреске түсемін деп, Украинаға басқыншылықпен ашқан қанқұйлы соғысы үшін қайтарылған нақты жауап болды.