Путиннің сарайы мен 21 өңір украин әскерлері соққы беретін картаға кірді
КИЕВ. 26 шілде. Украина Қарулы күштері соққы жасайтын Ресейдің осал аумағының картасы пайда болды: онда РФ-ның 21 өңірі мен Путиннің сән-салтанатты тұрғын үйі бар. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей Федерациясының украин армиясы соққы бере алатын ықтималды осал аумағы 660 шаршы шақырымнан астам территорияны құрайды, оған миллион тұрғыны бар 5 қала кіреді.
Осыған байланысты жасалған картаны «Верстка» жариялады. Бұл территорияда, атап айтқанда, Ресейдің 21 өңірі, соның ішіндегі 5 миллиондық қаласы (Мәскеу, Воронеж, Волгоград, Дондағы Ростов, Краснодар), сондай-ақ Путинннің Геленджиктегі сарайы тұр.
«Осы атыраптағы (шекара бойындағы өңірлер) Ресей елді мекендері атысқа ұшырап келеді, ал ұшқышсыз ұшақтар әрдайым аман-есен ұшып келіп, білгендерін жасап кетіп жатыр», – делінген хабарламада.
Ресейдің басқыншы армиясы Украина жеріне басып кіріп, соғыс бастағалы бері украин тарапынан РФ-ның 226 елді мекеніне шабуыл жасалыпты.
Еске сала кетейік, осы аптада Мәскеу кезекті мәрте дрондар шабуылына ұшырады. Бір ұшқышсыз ұшақ Ресей қорғаныс министрлігінің ғимаратына 500 метр жерге келіп қонған. Ал министрліктің шатырына қойылған «Панцирь» зенит-ракета кешені оны небәрі 300 метр жерде тұрып атып түсіре алмаған.
Аналитиктер шабуылдың мақсаты Комсомол даңғылындағы бас барлау басқармасы мен қорғаныс министрлігі кешені болған деп есептейді.
Суретте: Владимир Путиннің Краснодар өлкесіндегі Геленджик қаласы аумағындағы жеке сарайы