Кремль элитасы арасында жік басталды, Путиннің позициясы әлсіреді
МӘСКЕУ. 26 шілде. Ресей оппозиционері, Путиннің бұрынғы спичрайтері Аббас Галлямов РФ элитасы арасындағы жікке бөлінушіліктің енді тереңдей беретінін мәлімдеді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Галлямов Ресей элитасы арасындағы жікке бөлінушілік үдерісінің барлық жерден шыға бастайтынын мағлұм етті. Айтуынша, процесс бірте-бірте тереңдей түседі, енді Путиннің дәурені ұзаққа бармайды, себебі, оның билігі күн санап әлсірей береді.
Орталық билікте ешқандай күш жоқ екенін Евгений Пригожин бастаған «Вагнер» жеке әскери компаниясы анық көрсетіп кетті. Бүлікшілер ақырына дейін айқасып көргенде, жорыққа қатысқан 3 мың адамдық қолмен-ақ Мәскеуді оп-оңай басып алатын еді. Ал қалған 30 мыңға жуық әскері бүкіл Ресейді қаратып алуға жетіп жатыр.
«Өз мундирлерің тікесінен тік тұрып көтерілгенде, күштік құрылымдарың тышқан сияқтанып жан-жаққа қашып кетіп жатса, – сен нағыз әлсіз басшысың. Ал Путин Пригожиннен сауға сұрап барып аман қалды. Қазір ол (Путин – ред.) алтын қапшықтың үстінде отырып алып, біресе Кадыровты, біресе Пригожинді сатып алып отырған дімкәс, қауқарсыз шалға айналды. Оның мәртебесі өзгерді. Ол қазір бұрынғысынан көп әлсіз», – деп мәлімдеді Аббас Галлямов YouTube-тегі Politeka Online каналына берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, мұндай нәрсенің бәрі мемлекетті іштен ірітіп, жікке бөлінушіліктің артуына алып барады. Бүгінде Путиннің соншалықты көп дәурені қалмағанын РФ-дағы жұрттың бәрі түсініп отыр. Енді билікте пайда болатын осы вакуумды тез толтыру керек, әйтпесе жүйе құлап, мемлекет ыдырайды.
Ресей оппозиционері, Путиннің бұрынғы спичрайтері мұндай жіктің Орыс православие шіркеуі орталығында да пайда болғанын айтты. Ендің іргесі сөгілуіне оның да үлесі бар. Ресей қазір 1917 жылғы Ресейдің кейпінде тұр. Бұл жолғы жікке бөлінушілік пен қақтығыс елдің біржола ыдырауына алып баруы да мүмкін.