Африка елдерінің үштен екісі Путиннің саммитіне келуден бас тартты
МӘСКЕУ. 26 шілде. РФ-ның қанқұйлы диктатор президенті Владимир Путиннің бастамасы бойынша ұйымдастырылған Ресей-Африка саммитіне шақырылған елдердің үштен екісі келмейтін болып отыр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресейдің жаңа дипломатиялық байланыстарын көрнекі етіп көрсетуге бағытталған Ресей-Африка деген шалқыма атаулы, дақпыртқа толы, Кремльдің ойынша, «бұрын-соңды болмағандай аса маңызды» саммит Африка мемлекеттері басшыларының басым көпшілігі тарапынан бойкот жариялануы жағдайында өткелі отыр», – делінген хабарламада.
Мәскеуде 27-28 шілде күндері Владимир Путиннің қатысуымен шырғалатын саммитке «қара құрлықтағы» 54 мемлекеттің 38-інің лидерлері келмейтіндері анықталды.
«Мемлекет басшылары деңгейінде тек 17 елдің ғана басшылары болады», – деп баяндады сейсенбі күні президенттің көмекшісі Юрий Ушаков. Тағы 10 Африка дәулеті Санкт-Петербургте өтетін премьер-министрлер іс-шарасына қатысады. Саммитке келетін делегациялардың жартысына жуығының деңгейлері өте төмен. Олардың 17-сін вице-премьерлер мен министрлер, тағы бесеуін жай елшілер бастап келеді. Ал бес Африка мемлекеті саммитке қатысудан ада-күде бас тартты.
«Шақыру барлық Африка мемлекеттеріне жіберілді», – деді «РИА Новости» тілшісіне РФ сыртқы істер министрлігінің айрықша маңызды тапсырмалар жөніндегі өкілі Олег Озеров. Оның сөзіне қарағанда, Мәскеу саммитке келуден бас тартушыларға түсінікпен қарайды.
Ушаковтың айтуынша, Путин жиынға келген Африка мемлекеттері басшыларының әрбірімен жеке кездесу өткізбекші. Оның жоспарында Мысыр, Мозамбик. Бурунди, Зимбабве, Уганда, Эритерия, Орталық Африка Республикасы, Ливия, Камерун, Оңтүстік Африка Республикасы, Сенегал, Буркино-Фасо, Гвинея-Бисау, Мали, Конго лидерлерімен келіссөз жүргізу бар.
Путин 28 шілдеде саммитке келген қонақтар алдында ұзақ сөз сөйлеп, барлық мемлекеттердің «көп тараптылығы мен теңдігі» негізіндегі «әлемдік жаңа тәртіптің» қалыптасып жатқаны жайлы баяғы гөй-гөйін баяндап шықпақшы көрінеді.
Диктатор осы саммиттің қарсаңында кезінде Кеңес Одағының Африкаға экономикалық және техникалық көмек бергенін еске салып өтетін мақала жариялап, онда ресей-африка достығының «тамыры берік әрі тереңде» екенін сөз етті және олардың «жаңа әлемдік тәртіпте» өзінің «лайықты орындарын» алуларына көмектесуге уәде берді.
Алайда Путиннің ұсынысы Африка елдері лидерлерін оншалықты қызықтыра қойған жоқ. Мұны 2019 жылы бірінші рет өткен осындай шараға қатысушылардың қаншалықты көп болғаны да анық айғақтайды. Сол жолы «қара құрлықтың» бірде-бір елі шақырудан қалған жоқ еді.
Африка шенеуніктерінің Ресейге сенбестікпен қараулары тегін емес. Олар қазір Украина жерінде жүріп жатқан Ресейдің басқыншылық соғысының бет ала бастағанын, оның ақыры қалай бітетінін аңғарып отыр. Бұдан бөлек, Путиннің 2019 жылғы саммит мінбесінен айтқан жоғары лепті сөздерінің бәрі кеуек болып шыққанын да көрді. Ал Кремль қожайыны сол жолы Африкамен тауар айналымын екі есе арттырып, оны жылына $40 млрд көлеміне дейін жеткізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде ол бұл көрсеткішті бұрынғыдан да түсіріп алып, $18 млрд ауқымымен шектеліп қалған.
Қазіргі таңда өз экономикасы жан-жақтан сызат беріп, қирап қалудың алдында тұрған, бюджетінің кемісі триллиондаған рубльді құрап отырған Ресейден не күтуге болатынын африкалықтар да жақсы білсе керек.