Қырымда тағы жарылыс даусы естілді, Керчь көпірі жабылды
МӘСКЕУ. 22 шілде. Қырымда бір аптаның ішінде екінші рет Ресей армиясының қару-жарақ қоймасы отқа оранды, жұртты шұғыл көшіру басталды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина Қарулы күштері (УҚК) Қырымдағы мұнай базасы мен оқ-дәрілер қоймасына соққы берді. УҚК стратегиялық коммуникациялар басқармасы осыған байланысты жүргізілген операцияның видеосын жариялай отырып, аталмыш нысандардың күлі көкке ұшқандарын баяндады.
«Сенбі, 22 шілде күні күндіз Қырымның орталық бөлігіндегі Октябрь селосында жарылыстар орын алды. Оккупациялық «билік» түбекке «дрондар шапқыншылық жасағандарын» мәлімдеді. Көздері көргендер әлеуметтік желіге «бавовнаны» жан-жақты суреттеп, кадрлар жариялады», – делінген «Диалог.ua» хабарламасында.
Атап өтуіміз керек, Октябрьде Ресейдің мұнай базасы мен РФ әуе-ғарыш күштерінің аэродромы бар. Бұл Ресей оккупациялық армиясының маңызды логистикалық бекеті болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнда ұшқышсыз ұшақтар соққы берген.
Түбектегі Ресей басқыншы билігінің өкілі Сергей Аксенов Қырымдағы оқ-дәрілер қоймасына украин дрондарының шабуыл жасағандарын растады. Осыған орай оқиға орнынан радиусы 5 шақырым аумақтағы тұрғындарды эвакуация жасау жөнінде шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, тәуекелді азайту үшін Қырым темір жолы мен Керчь көпірі үстіндегі қозғалыс тоқтатылды.
Осымен соңғы аптаның ішінде Қырымда екінші мәрте жарылыстар тіркеліп отыр.