Жұртты мемлекеттік төңкеріс жасап, Путинді кетіруге шақырған Гиркин ұсталды
МӘСКЕУ. 21 шілде. Бүгін, Путинді оставкаға кетуге шақырғаннан кейінгі үшінші күні «ДХР-дың бұрынғы қорғаныс министрі» Игорь Гиркин қамауға алынды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
РФ қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Гиркин-Стрелков бұған дейін де Кремльдің қожайынын сынға алып келген. Мәселен, Путиннің кесірінен соғыста орыс әскерлері жеңіліске ұшырап жатқанын да, оның дарынсыз қолбасшы екенін де бұған дейін бірнеше сапар айтқан. Әйткенмен, оны мемлекеттік төңкеріс жасау жолымен орнынан алып тастау жөніндегі шақыруды бұдан үш күн алдые бірінші рет жариялаған еді.
Енді, міне, Путин өзін бұл жолы көп күттіртпеді, ұзатпай бүлікшіл офицерді тезге салып, тәубесіне келтіру үшін жаналғыштарын жіберді.
«Бүгін, жұма күні шамамен сағат 11:30-да тергеу комитетінің өкілдері біздің үйімізге келді. Бұл уақытта мен үйде жоқ еді. Көп ұзамай, консьерждің сөзінен олардың менің зайыбымды қолтықтап алып белгісіз жаққа алып кеткендерін білдім. Күйеуімнің қазір қай жерде екенін білмеймін, ол байланысқа шыққан жоқ», – деді телеграм-каналда Гиркиннің әйелі Мирослава Регинская.
Белгілі болғанындай, Гиркинге экстремизм, әлдекімге жаулық ойлаушы, көпшілікті экстремизмге шақыру деген баптар бойынша айып тағылып жатыр.