Оңтүстік Африкадағы саммитке баруға Путиннің жүрегі ақыры дауаламады
МӘСКЕУ. 19 шілде. Ресей президенті Владимир Путин бірнеше ай бойғы ойланысынан кейін ОАР-да өтетін БРИКС елдері саммитіне бармауға шешім қабылдады. Бұл туралы The Noscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кремльдің қожайыны Оңтүстік Африка Республикасында өзінің Гаагадағы Халықаралық қылмыстық істер соты берген ордер бойынша қамауға алынып қалуы ықтималдығынан қорықты.
Сөйтіп, Путиннің тамыз айының аяғына қарай Африка құрлығына қарай бағыт алып қойылған сапары тамам болды. «Осыған байланысты екі жақты бірлескен шешім қабылданды», – деп мәлімдеді «РИА Новости» ОАР президенті Сирил Рамафоса офисіне сілтеме жасай отырып.
Ресей делегациясын Путиннің орнына енді онда РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров бастап барады.
Йоханнесбургтегі саммитке Қытай, Бразилия, Үндістан және ОАР лидерлері қатысады. Бұл Путиннің Украинаға соғыс ашқалы бергі алыс шетелге бірінші рет сапары болуға тиіс еді. Бірақ Халықаралық қылмыстық істер сотының наурыз айында берген ордері Кремль политтехнологтарының РФ-ны оқшаулау жөніндегі батыс жоспарының түкке алғысыз нәрсе екенін дәлелдемек болған карталарының быт-шытын шығарып жіберді. Соңғы кездері ішкені ірің, жегені желім болып жүрген Мәскеудің ақыр соңында бұл сапарға Путинді аттандыруға батылдықтары жетпеді.
ОАР – Халықаралық қылмыстық істер соты негізге алып жұмыс істейтін Рүм статутын мақұлдап қол қойған елдердің бірі. Сондықтан Путин мұнда келген жағдайда Йоханнесбургтің оны «қамауға алудан» басқа жолы жоқ еді. Мұны республика басшылары басынан-ақ айтып жүрді. «Егер ол келмесе, біз өзімізді бақытты сезінер едік», – деген-ді елдің вице-президенті Пол Машатиле 14 шілде күні.
Республика президенті Сирил Рамафосаның айтуына қарағанда, Ресей Путиннің қамауға алынуын өзіне «соғыс жариялау» ретінде қабылдайтынын аңғартыпты. Рамафоса ОАР-дың РФ-мен соғыса алмайтынын және оны қаламайтынын, ал жанжалға ұрыну тәуекелі «елдің конституциясына сәйкес келмейтінін» атап өтті. Ол соғыс бола қалған жағдайда өзіне елдің «ұлттық егемендігін» қорғау мен «республикадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті» қамтамасыз етуге тура келетінін еске түсірді.
Сондықтан мына тығырықтан шығу үшін ОАР саммит өтетін жерді Қытайға ауыстыруды ұсынған еді, бірақ Үндістан мен Бразилия тарапынан бұған бірден қарсылық білдірілді.
Аяғында Путиннің өзінің қорқақтық танытуы Рамафосаны осы қиын дилеммадан алып шықты.