Гиркин мемлекеттік төңкеріс жасап, Путинді орнынан алып тастауға шақырды
ДОНЕЦК. 19 шілде. РФ арнайы қызметінің бұрынғы офицері Игорь Гиркин (Стрелков) жұрт алдында Путинге қарсы ой айтып, оны күшпен алып тастауға қолдау білдірді. Бұл туралы ресейлік ресурстар лебізіне құлақ түрген rast.kz хабарлайды.
Бұрын ДХР дейтіннің қорғаныс министрі деген қызмет те атқарған, Малайзия жолаушылар ұшағын атып түсіруге қатысқан терроршы Игорь Гиркин Кремльдің қожайынын сынауға келгенде, көп тартынып жатпады. Ол Путинді «түкке тұрмайтын сайтан» деп те, «дарынсыз қорқақ сүмелек» деп те атады. Мұнымен де тоқтамай, РФ президентін тақтан тайдырып жіберу мақсатында мемлекеттік төңкеріс жасауды жүзеге асыруды ұсынды. Әйтпесе, ол келесі, 2024 жылы тағы 6 жылға өзін сайлап алады да, Ресейді біржола тұралатып бітіреді.
Гиркин осы ойларының бәрін өзінің Telegram-каналында білдіре келіп, оны ресейліктердің «көздерін шаңға толтырып тастаған», «23 ел елдің билігі басында отырған түкке тұрғысыз сайтан» деп бағалады.
Оның айтуына қарағанда, Путиннің қазіргі жағдайда елі үшін жасай алатын жалғыз ғана пайдалы әрекеті – оның өз ерімен отставкаға кетіп, билік бишігін қабілетті де жауапкершілігі бар адамға тапсыруы. Алайда Гиркин Путиннің дәл осы кеңеске құлақ түріп, орнынан кете салатынына сенбейді. Сондықтан оны тек күш қолдану жолымен ғана Кремльден кетіруге болады.
Терроршы Ресей президентін мүмкіндігінше ызаландыра түсу үшін оны тіпті «мінезі жеңіл, ерме, өзінің еркі жоқ және ақылы кем» әйелге теңеді.
Бұл Гиркиннің оккупант мемлекеттің басшысын бірінші рет сынға алуы емес. Ол бұған дейін де бірнеше рет Украинадағы соғыс барысына орай Путинге байланысты ойларын қатқыл түрде айтқан еді. Соның ішінде «арнайы соғыс операциясының» осыншалықты сәтсіз жүруіне РФ президентінің тікелей өзі кінәлі деп есептейді.
Игорь Стрелков таяуда орын алған Евгений Пригожиннің «Вагнер» жеке әскери компаниясының бес мың жауынгерімен бірге Мәскеуге жасаған «маршына» соңына қарай қолдау білдірген аз қайраткерлердің қатарынан табылған болатын.