Түркістан облысы Бәйдібек ауданында жол апатынан 10 адам қаза тапты
ТҮРКІСТАН. 18 шілде. Кеше таңертең Түркістан облысының «Шаян» ауылы маңында жан түршігерлік оқиға орын алды: жол апатынан 10 адам опат болды. Бұл туралы Polisia.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
17 шілде күні сағат 09:00 шамасында Бәйдібек аудандық ішкі істер бөліміне «Шаян» ауылының маңында жол-көлік оқиғасы орын алғаны хақында хабарлама келіп түскен. Белгілі болғанындай, облыстық маңызы бар Екпінді – Созақ тас жолында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Сrafter көліктері бір-бірімен соқтығысқан. Апат салдарынан көлік құралдары қас қағым сәтте өртке оранған. Оқиға орнында 10 адам қайтыс болды, 12 адам ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәліметтер бойынша жол апатына Nissan автокөлігінің қарсы жүріс жолағына шығуы себеп болған.
Осы алапат апат оқиғасына орай белгілі сатирик жазушы, «Алаш» сыйлығының лауреаты Мұхтар Шерім бүгін Facebook әлеуметтік желісінде: «Түркістан облысы Шаян ауылы маңында екі жеңіл көлік, бір шағын автобус соғысып, он адам тірідей жанып кетті. Он өмір, он тағдыр… Әшейінде болмайтын, мәні жоқ жазбаларға жапа тармағай үндесіп, улап шулап жататын, жыныстық жазбаларға жүзден аса лайк басатын жұрт мына оқиға туралы қайғы да бөліспейді… Ішкен жегендерін жазып мәз. Әлде, етіміз үйреніп кетті ме?», – деп жазды.
«Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, еліміздің жолдарындағы апаттылық жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр», – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Алты ай ішінде біз 1,5 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалғанымызбен, өткен жұма сенбі, жексенбі күндері шамамен 25 адамнан айрылып қалдық. Қала маңындағы трассаларда үш немесе одан да көп адам шығынымен орын алған жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткені ерекше алаңдатады», – деді Ішкі істер министрлігі ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Айталық, 15 шілдеде Абай облысында Lada автокөлігінің жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, автомашинаның аударылуына жол берген. Апат салдарынан 3 адам қаза тауып, 2 адам түрлі жарақат алды.
16 шілде сағат 15:00 шамасында Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында Chevrolet Сobalt жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан 7 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алды.
Осы жағдайлардың барлығы жол жүрісіне қатысушылардың тәртібінің төмендігін және жүргізушілердің менмендігін көрсетеді.
Талдауға сәйкес, барлық жол-көлік оқиғаларында жүргізушілер асығыс жүріп, басып озу үшін қарсы жолаққа шығады. Жылдамдықтың жоғарылауына байланысты олар автокөлік тізгініне ие бола алмай, келеңсіз оқиғаларға ұрынады.
Жол-көлік оқиғаларының 95 пайызы жүргізушілердің немқұрайлығы мен салғырттығынан болады.