Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Жаңғырудың жолына түскен Жаңақорған жақсы үрдісті жалғастыра береді

Қызылорда облысында жақында ғана қорытындысы шыққан «Үлгілі аудан орталығы» конкурсында бірінші орынды Жаңақорған кентінің жеңіп алғаны белгілі. Осыған орай rast.kz  желілік басылымының бас редакторы Жансая Нұрқожа аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовпен арнайы жолығып, сұхбат жүргізген еді.

Төменде сол әңгіменің мәтінін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Мұрат Жолкелдіұлы, Жаңа Қазақстанның жаңа даму межесі белгіленгені өзіңізге мәлім. Жолдауда айтылғандай, алдымызда барлық салада ауқымды реформалар күтіп тұр. Сіз Жаңақорған ауданын басқарғалы бері жұмыс тәртібіне қандай өзгеріс енгіздіңіз? Қандай да бір нақты жоспар жасалды ма? Аграрлы ауданның аяқ алысы жайлы айтып беріңізші…

–  Аяқ алысты 2023 жылдың І жарты жылдықпен қорытындысымен білдірсем, жақсы көрсеткіштер бар. Ол  – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс экономикалық болсын, – барлық салаларда артығымен орындалып отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 101,2 пайызға, тұрғын үй беру 105 пайызға, өнеркәсіп көлемі 93,4 пайызға, инвестиция тарту154 пайызға, тауар айналымы 112 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 92,5 пайызға, құрылыс жұмыстары 73,7 пайызға орындалып отыр. Бұдан бірқатар көрсеткіштердің артығымен орындалғанын көруге болады.

Өзіңіз де біліп келіп отырсыз, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жариялаған «Үлгілі елді мекен» конкурсының «Үздік аудан орталығы» аталымын Жаңақорған кенті жеңіп алды. Осыған орай ауданға соңғы үлгідегі жаңа техникалар жол тазалағыш КАМАЗ және қалдық тасымалдаушы МАЗ автокөлігі, ассенизатор мен кран-манипулятор берілді. Әрине, бұл техникалар кент тазылығы үшін үлкен серпін беретін болады. Бүгінгі күні аталаған техникалар өз жұмысын бастап та кетті. Бұл –  бірінші кезекте уақытпен санаспай жұмыс жасаған кент әкімі Әбдірәсіл Ибрагимов бастаған кент әкімі аппараты қызметкерлері мен барша кент тұрғындарының ортақ жемісі. «Елге болсын» деген пейілмен еңбек ететін ерлердің мақсаты бір арнаға түйіскенде, осындай жеңісті күндеріміздің қатары көбейетіні анық.

Рас, аз ғана уақытта кентіміз көркейіп, жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Тау беткейі жақтан аудан орталығына кіреберіс жолдың бойына әсем безендірілген зәулім қақпа орнатылды. Кент ішіндегі тозығы жеткен жарық шамдар мен электр бағаналары жаңартылуда. Жерлесіміз, кәсіпкер, Марлен Ысқақовтың демеушілігімен заманауи үлгідегі «Прайм Парк» демалыс саябағы салынды. Биіктігі 14 метрді құрайтын алып Құмсағат бой көтеріп, осы жерде «Жастар аллеясы» пайда болды. Бұдан өзге де балалар ойын алаңдары салынып, инфоқұрылымдар жаңартылуда. Кент орталығынан жаңадан 2 мектеп ел игілігіне берілді. Айналмалы жол қатарға қосылды. Әрине, барлық істе әрдайым демеу беріп отырған аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауын айтып өткім келеді. Оны жұрт біледі, ел аузында.

Сонымен бірге «Жаңақорған ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесіне биыл облыстық бюджеттен 12 миллион теңге қаражат бөлініп, 10 дана арнайы қызметтік мотоцикл сатып алынды. Бұл да ауданымыздың орман шаруашылығы жұмыстарын сапалы атқаруға септігін тигізетін болады.

– Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жақсы білесіз. Біздің байқауымызша, сіз әлеуметтік желіде белсендісіз. Желіде өзіңіз отырасыз ба? Онда айтылған ұсыныс-тілектерге дер кезінде жауап жазасыз ба? Бүгінге дейін желі арқылы тұрғындардың қандай мәселелері шешілді?

– Әлеуметтік желіде үздіксіз қарауға уақытым бола бермейді, елді мекен аралап, тұрғындармен кездесемін. Салынып жатқан құрылыс нысандарын аралау тағы бар. Сол себепті уақыттың тапшылығына байланысты кешкі уақытта бір мезет отыруға тура келеді. Баспасөз хатшым Нұрбол Бәкіров үнемі шолу жасап отырады. Өйткені, көп мәселе месенджер арқылы айтылып жатады. Айтылған ұсыныс, пікірлерді өзіме жеткізіп отырады. Мүмкіндігінше дер кезінде жауап жазып, тиісті басшыларға тапсырмалар беремін. Көп жағдайда мәселелер коммуналдық қызметке және жеке өзіне қатысты болады. Қаражат қажет етпейтін мәселелерді жедел шешуге тырысамын. Қаражатсыз бітейтіндерін демеушілерді тарта отырып шешуге әрекет етеміз.

Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімдері есеп беріп жатыр. Есеп беру кезінде ауыл әкімдерінен жаңашылдық байқадыңыз ба және есеп беруге қандай өзгеріс енгізу керек деп ойлайсыз? Халық тарапынан сізге қандай ұсыныстар түседі?

– Жаңашылдықтары – ашықтықтары. Ауылдарды аралап, халықпен кездесулер өткізген кездері ауыл әкімдерінен осыны байқадым. Туындаған мәселелерді елімен бірге шешуге ынталы. Ауылдарынан шыққан кәсіпкерлерді ауылдарын дамытуға тартуы. Бір ғана «Қожакент» ауылында кәсіпкер профнастил шығаратын цех және жабық спорт алаңын салып, бірнеше ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыған. Көше тұрғындарының басын біріктіріп, көше тазалығын ұйымдастырып, жеміс-жидек, саялы бақтар егуді қол алған. Әлбетте, барлық ауылда осылай деп айта алмаймын. Кейбір елді мекендерде ауыл әкімі шешетін мәселені мен барғанда қозғап жатады. Бұл ауыл әкімінің мәселенің шешу жолын жете түсіндірмеуден болады. Жалпы, халықтың кездесулерге белсене қатысатыны, сол ауылдағы шешімін табуы керек күрделі мәселелерді ғана айтатындары қуантады. Көбіне электр желілерін жаңарту, ауыз су, аяқ су, газбен қамту мәселелері көтеріледі. Халықпен кездесулер Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткізіп жүрміз. Мұндай жиындарға тоқсан сайын барамыз. Ауылдардағы көтерілген мәселе бойынша іс-шаралар жоспарын жасап, сол бойынша жұмыс жасаймыз. Жалпы, кездесулерде халық белсенді қатысқанымен көтеретін мәселе азайып келеді. Бұл алдыңғы көтерген мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды толық ақпараттандыратындықтан деп есептеймін.

– Өңірдің қандай өнімдері көпшілікке танымал? Ауданның өндірісіне тоқталып өтсеңіз.

– Ауданымыз табиғи қазба байлықтары  – уран, әк шикізаты әктас, қиыршық тас шикізаты доломит, бентонит, құмды-қиыршық тас және полиметалл кендерінің молдығымен ерекшеленеді. Жоғарыда атап өткенімдей, ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру 2023 жылдың І жартыжылдығына  көлемінің өсімі 93,4 пайызды құрады.  Өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін өндіру өсімі 92,5 пайызға жетті.

Ауданда өнеркәсіп саласы бойынша 4 ірі, 17 шағын заңды тұлғалар жұмыс жасайды.  Оның ішінде 1 мекеме полиметалл кенін, 2-і  уран өнімдерін, 1-і күкірт қышқылын өндірумен, 14-і құрылыс заттарын шығарумен (қиыршық тас, әк), 3-і тамақ өнімдерін дайындаумен  (ірі күріш өндірет мекемелер) айналысады.  Бұдан басқа, ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіретін 23 жеке кәсіпкерлік субъектілері бар. Оның 8-і тамақ өнімдерін, 12 құрылыс заттарын, 3-і жиһаз шығарумен тұрақты жұмыс жасауда.

Уран өндірісімен айналысатын «Қызылқұм» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС, қорғасын-мырыш кенін өндіретін «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, қиыршық тас өндіретін «КДСМ Қыран» ЖШС, «УАД» ЖШС, «Сарман Тастақ Жаңақорған» ЖШС, әк өндіретін «Премиум Класс-Строй» ЖШС, «Қуат Әк» ЖШС, керамзит өндіретін «Қуат Керамзит» ЖШС, компаниялары.

– Ауыл бар қазақты түзейтін, жолға салатын қасиетті мекен. Ал сіз басқарып отырған ауданның ауылдарына жол салыну мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?

– Жаңақорған ауданы аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 451 шақырымды құрайды. Оның 101 шақырымы республикалық, 157,9 шақырымы облыстық, 192,1 шақырымы аудандық маңыздағы автомобиль жолдары санатында.  Сонымен қатар, 26 кент және ауылдық округтің 519 көшесі 590 шақырымды құрайды. Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 2022 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95,3 пайыздан 95,8 пайызға жетті. Елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 43,9 пайыздан 49,6 пайызға жоғарылады.

2023 жылға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен елді мекен көшелерін жөндеуге 1 090 884,0 мың теңге қаралды. Қаражат көпірлерді реконструкциялауға, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 7 елді мекеннің жалпы ұзындығы 20,4 км құрайтын 25 көшесін орташа жөндеуге, облыстық бюджеттен 2 елді мекеннің 9,5 км құрайтын 6 көшесін орташа жөндеуге, аудандық бюджеттен 6 елді мекеннің 10 км құрайтын 7 көшесін орташа жөндеуге бөлінді. 2023 жылдың қорытындысымен елді мекен көшелерінің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 49,6 пайыздан 56,1 пайызға жоғарылайтын болады.

– Әкімдерге қойылып отырған басты талаптың бірі – өңірге инвестиция тарту.  Осы ретте Жаңақорған ауданының инвестициялық әлеуеті қандай? Қандай компаниялар жұмыс істейді?

– Аудан бойынша 2023 жылдың І жартыжылдығына негізгі капиталға салынған инвестиция өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда, 2,5 есеге артығымен орындалды. Аудан инвестициясының облыстағы үлесі 11,5 пайызды құрайды. Инвестициялар бойынша өсім негізінен Шалкия полиметалл кен орнын өнеркәсіптік игеру және кен байыту зауытын салатын «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ, уран өнімін өндіретін «Қызылқұм» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, «Хорасан-U» ЖШС, күкірт қышқылын өндіретін  СКЗ-U ЖШС, құс етін өндіретін «Абдулла» шаруа қожалығы, жеке тұрғын үйлердің және шағын кәсіпкерлік саласы бойынша салынып жатқан ғимараттардың есептерінен орындалып отыр.

– Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы жайлы не айтасыз?

– Жыл басынан  жұмыс іздеуші ретінде  Халықты жұмыспен қамту орталығына 3826 өтінім білдірсе, соның ішінен 2526 адам жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен жұмысқа орналастырылды. Ресми жұмыссыздар саны – 1300 азамат. Биыл 2023 жылы 3175 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бойынша да бірқатар шаруалар қолға алынды. Ең бастысы, кәсіпкерліктің белсенділігін арттыруға айрықша мән береміз. Бұл бағыт бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға (қайта даярлауға)  биыл жұмыс берушілердің өтініміне сәйкес, облыстық бюджеттен 55 адамға 24764,0 мың теңге қаржы бөлінді. «Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін берілетін мемлекеттік грантқа биыл республикалық бюджеттен жаңа жоспар бойынша 149 адамға 205320,0 мың теңге, қаржы қаралды. Осыдан қазіргі таңға 73 адамға грант берілді

– Баспана мәселесі қай кезде болмасын, өткір проблемалардың бірі еді. Осы орайда аудандағы жағдай қандай? Тұрғын үйге мұқтаждар саны қанша?

– Үстіміздегі жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде Жаңақорған кентінен  50 тұрғын үй сатып алу үшін әр тұрғын үйге республикалық бюджеттен 9 млн 600,000 мың теңгеден, барлығы 480 миллион теңге қаржы бөлінді. Биылғы жылдың қазан-қараша айларында осы тұрғын үйлер сатып алынып, ауданның әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілетін болады. Бұл үйлер сатып алу құқығынсыз жалдық тұрғын үйлер деп саналады. Олар кент әкімі аппаратының теңгерімінде тұрады.

–  Жалпы, азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының аяқ алысы қалай?  -Сіздің көптеген қызметтік сатылардан өтіп,  тәжірибелі менеджер, тіптен егістік алқаптарында сұр джинсы киіп алып, жаяу аралайды деп есіттік. Жалпы сізге жиі сын айтыла ма?  Сынды қалай қабылдайсыз?

– Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 781 отбасыға (4644 мүшесі бар) 212 млн 156 мың теңге, бір жастан алты жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік төлемге 1256 балаға 29 млн 477 мың теңге тағайындалып, төленді. Аз қамтамасыз етілген 40 отбасына (108 мүше) тұрғын үй көмегіне 965 мың теңге берілді. Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға 5 млн 992,5 мың теңге бөлінді. Одан бөлек, жанашыр азаматтарымыздың тарапынан қолдаулар да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, жақында ғана аудан әкімдігінің қолдауымен, «Жаңарған Жаңақорған жастары» мен жанашыр азаматтардың демеушілігімен биыл тұрмыс жағдайы төмен екі отбасыға баспана берілді. «Май бекеті», «Ипподром» шағын аудандарынан 2 ойын алаңы салынды. Осыған дейін 3 ойын алаңы мен 9 баспананың кілті тапсырылған болатын. Бір Құрбан айт күні 1100-ге жуық мал сойылып, 2500 мың отбасыға таратылды. Сонымен бірге, 150 отбасыға азық-түлік себеттері мен қаржылай көмектер көрсетілды. Бұл – тек демеушілердің есебінен іске асқан қолдаулар. Жалпы, бұл бағытта атқарылып жұмыстар ауыз толтырып айтуға болады.

Жасыратыны жоқ, ел аралап, тұрғындармен кездесіп жүрген кезде сындар айтылады. Әсіресе, алғаш рет әкім болып келгенімде көп естідім. Ұнады, ұнамады деген жалпылама пікірлер айтып, мені әкім ретінде қабылдай алмайтындар да кездесті. Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатады ғой. Әрине, қанша адам болса, сонша көзқарас, сонша пікір болатыны анық. Сондықтан жұмыс бар жерде сын айтылуы орынды. Тек «Сын – шын болса» дейміз. Алайда ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты айтары бар, келесіде осы дүниені ескеру қажет екен дейтіндей сын болса, неге қабылдамасқа?!. Қызметке кіріскен күннен бастап бірқатар жұмыстар атқардық, атқарып та келеміз. Қазір халықтың көзқарасы жақсы жағына өзгерді деп сеніммен айта аламын.

– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз? 

–  Бос уақытымды отбасыммен, немерелеріммен бірге өткіземін. Таза ауада серуендегенді жақсы көремін. Демалыс күндері кент орталығын кешкі уақытта жаяу аралап, тұрғындармен пікірлесемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button