Назарбаевтың сыныптас туысы Байбек екі іс бойынша сотқа тартылды
АСТАНА. 16 шілде. Астанада бұрынғы президенттің ауылдасы, туысы, сыныптасы Қыдырғали Байбек екі іс бойынша сот алдында жауап берді. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталының ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Елордада Алматы қаласының экс-әкімі, «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке қатысты екі сот ісі қозғалды», – делінген желілік басылым хабарламасында.
Осыдан кейін қазіргі күндері Қазақстанға жолай алмай, жер ауып, бас сауғалап, шет жақта қашып жүрген Бауыржан Байбектің бар болғаны музыканттық білімімен осыншалықты үлкен өндіріс-шаруашылығы, екі миллионнан астам халқы бар жүдә зор кәтта мегаполисті басқаруға қалай келіп қалып жүргені өзінен өзі белгілі болып отырған шығар.
Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірінші істі 26 маусымда қабылдаған.
Қыдырғали Мұхаметәмірұлы Байбекке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 319-бабы бойынша айып тағылды. Оның тарапынан өндірістік, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе шаруашылық-тұрмыстық нысандарын заңсыз салу фактілері анықталған. Баптың санкциясы заңсыз салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзуды немесе айыппұл салуды қарастырады.
Қазіргі күндері әлеуметтік желіде жер заңын тәрк ете жүріп, түрлі құрылыс нысандарын заңсыз салып тастаған Қыдырғали Байбекке сот арқылы 51 мың теңгенің көлемінде айыппұл салынғаны айтылып жатыр. Мұны оқыған желі пайдаланушылар «Қап, обал болған екен! Бұл ақшаны ол қалай табады?», «Бәріміз көп болып көмектесіп, қаржы жинап берейік» деген сынды әжуа комменттер жаза бастады.
Соңғы суретте: жоғарыдағы қатарда, сол жағынан бірінші – Нұрсұлтан Назарбаев, төменгі қатардаы оң жағынан бірінші – Қыдырғали Байбек