Қызылжарды Ресейге қосып алуды сұраған сепаратист әйел сотталып кетті
ҚЫЗЫЛЖАР. 16 шілде. Солтүстік Қазақстан облысы орталығының тұрғыны Татьяна С. өзінің сепаратистік шақырулары үшін сот арқылы жазасын алды. Бұл туралы pkzsk.info ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«Қызылжар тұрғыны танымал ChatRoulette видеочатында айтқан сепаратистік сөздері үшін үш жылға сотталды», – делінген хабарламада.
2021 жылдың қыркүйегінде Татьяна С. өзінің шөбере туысымен бірге ChatRoulette видеочатында ер кісінің сұрақтарына жауап беріп, әңгіме-дүкен құрады. Дәсәуілгіде еркек бұлардан: «Сіздер күллі әлемнің президенттері арасынан кімді өз елдеріңіздің президенті болғанын қалар едіңіздер?» деген сауал қояды. Бұған Татьяна: «Путинді» деп жауап берсе, екіншісі Назарбаевты атайды.
Осыдан кейін сотталушы әйел жігіттен қайдан екенін сұрайды. Ол өзінің Ресейден екенін айтқан соң бұл: «Біздің Петропавлды, Солтүстік Қазақстан облысын Қырым секілді өздеріңе алып алсаңдаршы» деген өтініш білдіреді.
Сол күні-ақ ер кісі YouTube-тегі «Koz Asu» арнасында бір жарым минуттық видеожазбаны «Сепар/Заберите наш Петропавловск к себе как Крым», яғни «Сепар/Біздің Қызылжарды Қырым сияқты етіп өздеріңе алып алыңдар» атаумен жариялап жібереді.
Қорытындыда осы бір жарым минутта бұл әйел үш жыл бас бостандығынан айырылатын қылмысқа басын сұғып алады. Оған сепаратизммен айналысты деген айып тағылды. Тек кейбір отбасылық жағдайларына байланысты ғана сот 40 жастағы Татьянаға берілетін жазаны біршама жеңілдетіп шығарды.
Қызылжар соты Татьяна С.-ны Қылмыстық кодекстің «Сепаратистік іс-әрекет» дегенді алға тартатын 180-бабының 2-бөлігі бойынша айыпты деп тапты.
Тергеп-тексеру 2023 жылдың қаңтар айында ғана қолға алыныпты.
Сотталушы өзінің айыбын ішінара ғана мойындады.
Оның айтуынша, өз сөзінің бұлайша көпшілікке тарап кететінін білмеген, видеожазба түсіруге және оны жариялауға ешкім өзінен рұқсат сұрамаған.
Алайда сот оның бұл уәждеріне сын көзімен қарап, қаперге алмады. Судья Татьянаның сөздерінен Қазақстан территориясының тұтастығына нұқсан келтіру нышандарын байқаған. Себебі, әлеуметтік желіге осындай мазмұндағы әңгімемен шығудың қоғамдық санаға ететін әсері ұланғайыр зор болады.