Киевте қоғамдық орындарда орыс әндерін қоюға рұқсат етілмейтін болды
КИЕВ. 15 шілде. Украина астанасындағы қоғамдық-көпшілік орындарда орыс әндерінің шырқалуына және РФ-ның басқа да мәдени өнімдерін пайдалануға тыйым салынды. Бұл туралы «Диалог.ua» rast.kz хабарлайды.
Тыйымға орыс тіліндегі барлық әндер, кітаптар, концерт өткізу және көркем қолөнер бұйымдарын сату ұшырады.
Киев қалалық кеңесі 13 шілде күні ел астанасы территориясында орыс тіліндегі әндерді көпшілік жерде пайдалануға тыйым салды. Ол сондай-ақ кітаптарды, концерттерді, цирк тамашалары мен басқа қызмет көрсету түрлерін қамтиды.
Шешімді 71 депутат қолдап, дауыс берді.
Киев қалалық кеңесінің білім және ғылым, жастар және спорт мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Вадим Васильчуктың айтуынша, бұл шара украин ақпарат кеңістігін агрессор-мемлекеттің украинның ұлттық тұтастығын, мәдениетін, дәстүрін, салты мен тарихи жадын бүлдіруге алып баратын гибридтік ықпалынан қорғау үшін қажет.
«Орыс тілді мәдени өнімнің Украина астанасы территориясына келуіне түпкілікті шектеу қою үшін қажет. Іс жүзінде мәдениет саласындағы іс-әрекеттерді жүзеге асыру үдерісінде жасалған орыс тіліндегі тауарлар мен қызмет түрлерін көпшілікке тарату мен көрсетуге тыйым салу қарастырылған. Бұлар – кітаптар, көркем альбомдар, аудиовизуалды туындылар, музыкалық жазбалар, көркем қолөнер бұйымдары, театр және цирк қойылымдары, концерттер мен қызметтер. Орыс тілі – басқыншы елдің тілі, оған біздің еліміздің жүрегінде орын жоқ», – деп атап өтті Васильчук.
Депутат мораторийдің сондай-ақ көркем, тарихи, этнографиялық және ғылыми мәні бар және Украина заңнамасына сәйкес сақтауға, қолдануға және қорғауға жататын материалдық және рухани құндылық мәдениеті нысандарына да қатысы барын айтты.
Еске сала кетейік, Киевтегі «Дубровка» кафесіндегі караокеде РФ армиясының Украинадағы басқыншылығын қолдап отырған ресейлік жексұрын әнші Григорий Лепстің әндері шырқалып жатқаны түсірілген видео тарағаннан кейін үлкен жанжал туып кеткен еді.