Сүйіктісінің көзіне шөп салудан жалыққан еркек төрт әйел алып тынды
СПРИНГВИЛЛ. 23 маусым. АҚШ-тың Алабама штатындағы Спрингвилл қаласында тұратын Джером есімді азамат сүйіктілерінің көздеріне шөп салудан жалыққаннан кейін төрт әйелді бірінен кейін бірін алып барып тоқтады. Бұл туралы lenta.ru дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ақпарға сай, Джером өзінің бозбала күнінен әйелқұмар болғанын мойындайды. Ол бір бойжеткенмен махаббат құрып жүріп, басқаға көз салуын тоқтата алмай қала береді. Сөйтіп, талай қыздың наласын арқалап қойса керек.
Сол Джером күндердің күнінде Жасмин ныспылы бір әйелді кезіктіреді. Оны көре сала, сол кезде жүріп жүрген ғашығын тастап кетеді. Алайда көп ұзамай жаңа сүйіктісінің де көзіне шөп салып үлгереді.
Бұдан кейін араларында жанжал туып кеткен жастар көп ұзамай қайта тіл табысып, үйленеді. Бұл Джеромның бірінші рет заңды некеге тұруы еді. Сол кезде екеуі бұдан былай полиамориялық* қарым-қатынаста тіршілік етуге келісім жасасады. Ал Джеромның ендігі алатын әйелдерін Жасминнің өзі таңдап әперуге тиіс болады. Осылайша біршама уақыттан кейін бұлардың отбасына Дежа деген қыз қосылады. Ол сосын өзінің Жасмин деген танысын ертіп келеді. Оған сол бойда «Балақай Жасмин» деген атау беріледі. Джеромның заңды әйелі болса, «Үлкен Жасмин» атанады. Соңынан бұлардың қатарынан Ти деген төртінші бойжеткен орын алады. Қазір бұлар Катара деген бесінші қызды да өз қастарына алуға дайындалып жүр екен.
«Бізде қарым-қатынаста қанша адам болуы жөнінде шектеу жоқ. Келіп жатқан адам болса, оған қашанда орын табылады», – дейді Үлкен Жасмин.
Джером қазір әйелдерінен өзінің тарапына қарай айтылып жататын сындарды көп естіп жүргенімен, оларға онша мен бермейді деседі. Бұған қоса, Үлкен Жасмин қарым-қатынаста адамдар саны көп болған сайын тұрмыстың жеңілдей түсетінен айтады. «Біреуі үй жинастырса, екіншісі асүйде жүреді, үшіншісі балаға қарайды дегендей, әрбірінің өз орны бар», – дегенді алға тартады ол.
Ал Джером осындай «ашық отбасы» құруының арқасында өзінің бұл әйелдерді алдап кетіп, көздеріне шөп салуға бара алмайтынын мәлімдейді.
*Біздің анықтама:
Полиамория – бір адамның бір мезгілде бірнеше адаммен олардың өздерінің келісімдері бойынша махаббат құру жөніндегі этикалық көзқарастарының жүйесі, қарым-қатынастың келісілген монолық емес пішіні