Қызылорда: Биылғы жаз басталғалы бері 21 адам қарбыздан уланған
ҚЫЗЫЛОРДА. 23 маусым. Сыр бойында биылғы жаз басталғалы бері 21 адамның қарбыздан уланып қалғандары белгілі болып отыр. Бұл туралы Қызылорда облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жаз келсе жан біткеннің аңсары ауатын қауын-қарбыздың дәмділігіне дау жоқ. Бірақ аталған өнімдерден адамдардың уланып жататынын жыл сайын естиміз.
Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің берген ақпаратына сүйенсек, жыл сайын облыс тұрғындары арасында жұқпалы жіті ішек аурулар аурушандық көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 2-3 есе жоғары деңгейде қалыптасуда.
2023 жылдың 5 ай қорытындысымен облыс көлемінде жіті ішек инфекцияларының (әрі қарай – ЖІИ) 371 жағдайы тіркеліп, аурушандық көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 44,8 құрады. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда, 8 жағдайға өскен.
Жоғары аурушандық көрсеткіш Қызылорда қаласында айрықша орын алып тұр. Облыс көлемінде тіркелген жұқпалы жіті ішек ауруларының 94 пайызы – Қызылорда қаласының үлесінде. Облыс орталығында жұқпалы жіті ішек аурулар аурушандығы орташа облыстық көрсеткіштен 2,0 есеге жоғары деңгейде қалыптасып отыр.
Аурушаңдыққа ұшырағандарлың 89,0 пайызын14 жасқа дейінгі балалар құрайды, оның ішінде 75,1 пайызы – 2 жасқа дейінгі балалар. Жүргізілген эпидемиологиялық тексеру қорытындысымен аурудың басты таралу себептерінде үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған немесе дұрыс сақталмаған тағамдар, сүт өнімдері, жеміс-жидектер, сусындар, қайнамаған су және бала күтімінің нашарлығы атап көрсетілген.
Соңғы уақытта жаздың алғашқы айларынан бастап тұрғындар арасында мерзімінен ерте піскен бақша өнімдері мен жеміс-жидектермен байланыстырған науқастар саны өсіп келеді. Нақты атап кетсек, маусым айының алғашқы күндерінен бастап облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына мерзімінен ерте піскен бақша өнімдерімен (қарбыз) байланысты жіті ішек инфекциясына шалдыққан 21 жағдай есепке алынған. Әдетте қарбыздар маусым айында сауда сөрелерінде пайда бола бастайды. Бұл уақытта өнімдер анағұрлым қауіпті, яғни нитратпен улану деңгейі жоғары болып тұрады.
Дүниежүзілік тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі күніне орай өткізілген «Қауіпсіз өнім таңда» акция барысында құрамындағы нитрат қалдықтарының мөлшерін анықтау үшін 587 сынама (көкөністер, жеміс-жидектер, бақша өнімдері, т.б.) зерттеулермен қамтылып, оның ішінде 24 сынама бақша өнімдері нәтижесінде бақша өнімдерінің 7 сынамасында нитрат қалдығының нормадан жоғары болғандығы анықталды.