Түрмеде отырған Қайрат Сатыбалды зәулім үйін Назарбаевқа сыйға тартқан
АЛМАТЫ. 20 маусым. Қазақстандық олигарх Қайрат Сатыбалды түрмеге қамалғаннан кейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы облысы Үшқоңыр алқабындағы сәнді сарайды сыйға тартқан. Бұл туралы «Азаттық» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Азаттық радиосы» өз тілшілері сот үкімімен қазір түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдының Алматы облысындағы Үшқоңыр жайлауында орналасқан зәулім үйіін әкесі, яғни әкесінің туған ағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқанын анықтағандарын айғақтайды.
«Бұл әрекет қалай жүзеге асты? Заңға сай ма? Күдіктіні тергеп жатқан сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің пікірі қандай? Үшқоңыр жайлауындағы 9,5 мың гектар жерді экс-президенттің інісі Болат Назарбаев кімге берді? Материалда осы сауалдарға жауап іздедік», – деп жазады агенттік тілшілері.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі туып-өскен өлкесіне арнаған әннің әсері болар, Үшқоңыр атауы жұртқа таңсық емес. Іле Алатауының бір бөктеріндегі көк майсалы үстірт, көркем жайлау. 2000-жылдардың басында Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылының аумағына кіретін Үшқоңыр жайлауының кадастр дерегі өзгеріп, бірнеше жаңа учаскеге бөлінген», – делінген бұдан әрі.
Кейін Шамалған ауылынан жайлауға дейін жол салынып, газ бен жарық тартылды. 2014 жылы жеке бөлінген 7 гектардай аумақта зәулім сарайдың құрылысы аяқталды.
2016 жылғы ресми тіркеу кезінде бұл жылжымайтын мүлік Қайрат Сатыбалдының меншігіне жазылған. Содан бері Қайрат мүліктің иесі болып қала берді. Қаңтар оқиғасынан кейін көп өтпей ол қамауға алынған кезде де тергеу органдары шектеу, тыйым салған. Бұл «Азаттық» танысқан ресми деректе анық жазылған.
Биыл сәуірдің ортасында бұрын Сатыбалдының атында тұрған жайлаудағы осы резиденция Нұрсұлтан Назарбаевтың иелігіндегі «Елбасы» қорының меншігіне өткен. «Азаттық» радиосына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының берген жауабына сәйкес, мүліктің меншік құқығы сыйға тарту шарты бойынша өзгерген. Бірақ оның қалай жүзеге асқаны жұмбақ.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қайрат Сатыбалдыұлы Назарбаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, қаржы жымқыру фактілері бойынша алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы да қазір тексеріліп жатыр.