«Арлан» жасағы банкте кепілге алынғандарды құтқарып, күдіктіні ұстады
АСТАНА. 18 маусым. Астанада «Арлан» арнайы жасағы Kaspi банк-тің бір бөлімшесінде бір қылмыскер кепілге алған адамдарды құтқарды. Бұл туралы ақпарат ресурстары дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Астанада бір адам Kaspi банк-тің «Керуен» сауда орталығы маңындағы, Достық көшесіндегі филиалына басып кіріп, сондағы адамдарды кепілге алады. Қаныпезер ішке кірген бойда есікті ішінен құлыптап алған.
Кейін бейтаныс адамның кепілге жеті қыз бен бір күзетші алғаны белгілі болды. Оның қолында қаруы бар екені де айтылды.
Осыдан кейін банкке күштік құрылымдар шақырылды. Полицейлер тобы жедел түрде жетті.
«Банк бөлімшесінде банк қызметкерлері ғана бар, клиенттер жоқ. Қызметкерлерге қоқан-лоқы жасап тұрған ер адаммен полиция келіссөз жүргізіп жатыр. Күштік құрылымдар және банк ешкімнің зардап шекпеуіне күш салады», – деп мәлімдеді сол кезде банк өкілдері.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, қарулы адам Kaspi-дің барлық активтерін мүгедек балалар мен жағдайы нашар отбасыларға аударуды талап еткен. Талапты орындауға 3 сағат берген көрінеді.
Қылмыскермен келіссөзді жүргізу ісін Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов басқарды.
Іштегі адам ешқандай ымыраға келмей қойғасын, полицейлер банк ғимаратына шұғыл шабуыл жасады.
«Kaspi банк ғимаратындағы күштік операция сәтті жүргізілді. Полицияның шабуылынан кейін барлық кепілдер босатылды. Оларды медиктер тексеріп шықты. Ешкім зардап шеккен жоқ. Басып алушы залалсыздандырылды», – деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов соңынан.